Елордалықтар әлі күнге газбен қамтамасыз етілмей отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Статистика бойынша, бас қалада 14 мың үйге газ тартылған. Алайда олардың ішінде 3000 тұрғын үй ғана көгілдір отынның игілігін көруде. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов газдандыру қарқыны төмен деп сынға алып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімінен себебін сұрады.
«Біз жұмысты баяулатып отырған мәселені анықтадық. Мысалы, министрліктің бұйрығына сәйкес, азаматтар газға қосылу үшін 8 құжат тапсыру қажет. Ол құжаттарды рәсімдеу үшін, кемінде, жарты жыл керек. Сондықтан мемлекет басшысының дебюрократизация жарлығы бойынша министрлікпен бірге жұмыс істеп, жиналыс өткіздік. Соның нәтижесінде 8 қажетті құжат екі есеге азаятын болады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Ал энергетика министрі Болат Ақшолақов оған себеп газға қосылу бағасының қымбат болуы дейді.
«Есептеу құралдары тегін таратылғанына қарамастан, газға қосылу қымбат. Күні кеше «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясымен халыққа қолжетімді болатындай не істеу керектігі бойынша келіссөздер жүргізілді. Қазір нақты айта алмаймын. Бірақ кем дегенде, екі есеге төмендеуі мүмкін», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.