Алматыда халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтың зиратына ескерткіш орнатылды

20.08.2021 в 00:07

Марқұмның ескерткіш тасының ашылуы барлық санитарлық талапқа сай өтіп, 10-ға жуық адам қатысты

Алматыда халық әртісі, абыз әнші, атақты композитор Ескендір Хасанғалиевтың зиратына ескерткіш орнатылды. Кеңсайға жерленген тұлғаның рухына ұлы Біржан Хасанғалиев құран бағыштап, қоладан құйылған мүсін тұрғызды, деп хабарлайды Almaty.tv

Марқұмның ескерткіш тасының ашылуы барлық санитарлық талапқа сай өтіп, 10-ға жуық адам қатысты. 

«1.5 айдың ішінде мүсіні де, граниті де барлық композициясы дайын болып, бүгін бейітінде ашып жатырмыз. Ешқашан руға, жүзге бөлінбейтін. Соны ескере отырып, әдейі руын жазған жоқпыз», – деді Ескендір Хасанғалиевтың ұлы Біржан Хасанғалиев.

Еске сала кетейік, Ескендір Хасанғалиев осы жылдың 30 сәуірінде коронавирустан көз жұмған болатын. Алайда тұлғаның шығармашылығы мен өлмес туындылары халық жадында мәңгі сақталмақ. 

«Халқымыздың азаматы, қазақ елінің азаматы ретінде білеміз. Жақсы көреміз, сыйлаймыз. Сол үшін қазақ елінің мәңгі есінде қалады деп ойлаймын. Жатқан жері жайлы болсын. Жаны жәннатта болсын ағамыздың», – деді Ескендір Хасанғалиевтың тыңдарманы Гүлзира Айтбайқызы.