Синтетикалық есірткіге тәуелді жастар саны көбейіп барады

16.02.2022 в 23:29

2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркелген

3 жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2 жарым есеге өсті. Осылай деген депутат Мәди Ахметов Мәжілістің жалпы отырысында жастарымызды азғырып, болашағын ойран еткен бұл мәселе елімізде күрделеніп келеді деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Оған күні кеше елорданың қақ ортасында есірткі жасайтын ірі зертхананың жабылуы дәлел екенін айтты. Мысалы, 2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркеліп, 160 келіден астам психобелсенді зат, 14 есірткі зертханасы жойылса да, әлі де оған тәуелді жастардың саны азаймай тұр дейді.  

«Әлеуметтік желіде тәжірибені қажет етпейтін, тиімді жұмыс кестесін, жоғары жалақыны, тіпті «мансаптық өсуді» ұсынған хабарламалар көп кездеседі. Қазіргі қиын жағдайда тығырыққа тірелген жастарды аптасына 150-200 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі қызықтырмай қоймасы анық. Соның нәтижесінде, «кладмендер мен минерлер» жауапқа тартылып, темір тордың артында отыр, ал есірткі саудалаушылар көлеңкеде қалып, бостандықта жүр. Бұл кесел әр отбасының қасіретіне айналуы мүмкін, одан ешкім сақталмаған», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева этносаралық жанжалдардың алдын алу үшін этножурналистика мамандарын даярлауды ұсынды. Ол елімізде этносаясаттанушылар, этнопсихологтар мен этномедиаторлар жетіспеушілігі байқалып отырғанын айтты. Ал депутат Мейрамбек Төлепберген елімізде ерекше сұранысқа ие журналист мамандығының шығармашылық қабілетін барынша көрсетуге тиімді жағдай туғызуға жаңаша көзқарас қажет екенін айтып, Қаржы министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аталмыш саладағы қаламақы жүйесін қайта енгізуіне байланысты тиісті ұсыныстар әзірлеуін сұрады.

«БАҚ сапасына, таралымына қатысты проблемалар баршылық. Солардың бірі – журналистерді ынталандыру жайы. Атап айтқанда, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өз авторларына қаламақы төлеуді тоқтатқалы көп жылдың жүзі болды. Авторлары ғана емес, бірлі-жарым редакцияның тиын-тебен беретінін айтпағанда, түгелге жуық баспасөз бен телевидениеде қаламақыны тілші, редакторлары да алмайды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген.