Ескі темір қоршау орнына – қарағай, талшын, шырша аллеясы. Алматыда Әл-Фараби даңғылының бойына ағаш отырғызу жұмыстары басталды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Мамандар қазірдің өзінде 200-ге жуық көшетті егіп үлгерген. Жалпы Желтоқсан көшесінен Ходжанов көшесіне дейінгі бөлу аралықта 800 жапырақты және қылқан жапырақты ағаш егілмек. Сондай-ақ, 2 500 шаршы метр жерде гүлдер өсіріледі.
Әл-Фараби даңғылының бойына биіктігі 4 метр болатын – 500 қарағай, 2 метрлік – 100 атбас талшын және 7 метрге жететін 200 шырша отырғызып жатыр. Оған қоса, 600-ден астам көше шамдары орнатылмақ. Мамандар өсімдіктердің отырғызу технологиясына аса мән беріп отырмыз дейді.
«Ағаштарды отырғызу кезінде тиісті талаптардың барлығы қатаң сақталады. Жасыл желек жайқалып өсу үшін әл-Фараби даңғылындағы бөлу жолағының ені 6 метр болатын жерге ғана ағаштар егіледі. Яғни, Ходжанов көшесіне жеткенде бітеді. Ағаштар биік әрі үлкен болғандықтан, тамыр жаюы үшін 1 метр шұңқыр қазылады. Сосын қиыршық тас төселіп, қара топырақ, тамыр үшін бидай қосамыз», - дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСБАЕВ.
Игі бастаманы «Ағаш отырғыз» республикалық қоғамдық бірлестігі бастап, қала әкімдігі қоштаған. Акция аясында әл-Фараби даңғылында 2 аптада 800 ағаш отырғызылады. Бір қызығы, 1975-ші жылдан бастап кешеге дейін бұрынғы Водозаборный, қазіргі әл-Фараби даңғылы жасыл желекке толы болған екен. Ол кезде мұнда 30 түрлі ағаш егілген. Тек ішінде бірнешесі ғана төзімді болған. Биыл егілетін жасыл желек көлік қарасының көп жүретініне қарамастан көшеде жақсы өседі.
«1975-ші жылы әл-Фараби даңғылы жасалған кезде үлкен бөлу жолағы қарастырылды. Ол кезде біріншіден көліктер қозғалыс кезінде бір-біріне кедергі келтермес үшін, екіншіден ауа алмасуды жақсарту мақсатында бөлетін жолақ пайда болды. Сол тұста темір қоршаулардың орнына жаппай ағаштар отырғызылған еді. 30 түрлі ағаштың біразы өспей қалды. Сондықтан, 2003-ші жылы өте төзімділері таңдалып алынды», - дейді ҚР Ботаника және фитоинтродукция институты дендралогия зертханасының меңгерушісі Сергей ЧЕКАЛИН.
Айта кетейік, Алматыда мамыр айына дейін 12 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Олар қаланың 8 ауданында егіледі. Әсем шаһарды жасыл желекке толтыруға атсалысам дейтіндерге жол ашық. Жасыл экономика басқармасының өкілдері ағаш отырғызатын бос орын тауып, жол көрсетуге қашанда дайын.
Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы