Соңғы тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының тағы төрт елдімекенінде құс өлімі тіркелді

09.10.2020 02:38

Қазіргі таңда тұрғындарға өтемақы төлеу үшін құжаттар жиналуда

Аlmaty.tv

Соңғы тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының тағы төрт елдімекенінде құс өлімі тіркелді. Тайынша, Мамлютка, Есіл және Ғабит  Мүсірепов аудандарында 93 қанатты қырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардан сынамалар алынып, тексеріске жіберілді. Мамандар вирустың таралуын болдырмау мақсатында ошақтарда заласыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін өңірде құс тұмауынан 200 мыңнан аса құс қырылған еді. Олардың 16 мыңнан астамы үй құстары, қалғаны құс фабрикасының қанаттылары. Облыс бойынша 12 аудандағы 41 елдімекенде құс тұмауының анықталуына байланысты карантин жарияланды. Қазіргі таңда тұрғындарға өтемақы төлеу үшін құжаттар жиналуда.

«Құстары жойылған тұрғындардың  құжаттарын жинау бойынша жұмыстар жалғасуда.  Олар Нұр-Сұлтан қаласындағы комиссияға жіберіліп, онда төлемақы сомасы бойынша шешім қабылданады. Тұрғындарға карта шотын дайындауда тездетіңіздер дегім келеді. Бұл – басты шарттардың бірі. Осы арқылы ақшаларын алатын болады», – деді Облыстық ветеренариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Марат Ибраев.