Қазақстанда педофилдерге жаза күшейтілмек. Енді оларды өмір бойы бас бостандығынан шектеу жазасы ұсынылып отыр. Бастаманы мәжілісмендер әзірлеп, Үкіметке ұсынбақ. Бұл туралы бүгін төменгі палатаның кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Демалыстан соң қызметке білек сыбына кіріскен депуттар бірнеше заң жобасын қарауға алды. Қатарында Салық кодексін қолданысқа енгізу, жолаушылар тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды өзгерту сынды маңызды құжаттар бар. Мәжілісмендер педофилдерді бас бостандығынан шектеу мәселесімен де айналысып жатқан көрінеді. Асхат Аймағамбетов айтқан жобада аурухана мен дүкендерде тұратын лотоматтарды алып тастау ұсынысы бар.
– Өте маңызды заң жобаларын дайындап, Үкіметке қорытындыға жібереміз. Соның ішінде өте маңызды нормалар бар. Біріншіден, педофилдерді өмір бойы қамау, оларды тиісті стерилизациядан өткізу мәселесі де айтылды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Қазақстанда кейбір салық түрі қысқаруы мүмкін. Жаңа өзгеріс әзірленіп жатқан Салық кодексінде қарастырылған. Ол бойынша елде жүйелі төленіп келген корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы сынды төлемдер қалады. Ал жарнама қызметі мен басқа да бағыттағы шағын алымдар қысқартылмақ.
– Салық кодексін әзірлеп жатырмыз. Үкімет деңгейінде талқыланған соң, құжат жобасын жариялаймыз. Бізде жүйелі әрі маңызды 2-3 салық түрі бар. Оның қатарында корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіру салығы қамтылған. Бұл салық түрлері өзгеріссіз қалады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
«Елдегі орманшылардың жанайқайын Үкімет әлі назарға алмаған» деп ашынды мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев. Депутаттың айтуынша, басын қауіпке тігіп жүрген қарапайым қызметкерлердің жалақысы өспеген. Себебі шілдеден бастап орманшылардың ішінде тек басшылық құрамның еңбекақысы көтеріліпті.
– Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, кіші қызметкер, бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиын да қосылмай қалды. Үкімет тағы біреуді ұмытып кетпесін деп, әдейі бүкіл қызметтің атауын тізіп шықтым, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Мәжілісте жаңадан құрылған бес министрліктің алдағы жұмыс бағыты да сөз болды. Жаңа құрылымдар бір айдың ішінде толық бөлінеді. Қаржы министрі «оларға бюджеттен берілетін қаржы шығын әкелмейді» деді. Оларға жаңа ғимарат беру жайы да қарастырылмаған көрінеді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Көлсай көлдерінің айналасындағы жер телімдерін тексеру керек - депутат