|
03.10.2023 | 18:59
3125

Тұрғындар Алматы мен Кеген ауданы арасындағы жолды жөндеуді талап етіп отыр

Былтыр «Көкпек-Кеген-Түп» кұре жолын жөндеген мекеме ісі сотқа қаралған еді

Тұрғындар Алматы мен Кеген ауданы арасындағы жолды жөндеуді талап етіп отыр Almaty.tv

«Сау-тамтығы қалмаған тасжолмен жүріп шаршадық». Осылай деп арнамызға шағым айтқан Кеген ауылының азаматтары Алматы мен Кеген ауданы арасын жалғайтын жолды жөндеуді талап етір отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тозығы шыққан жолдың жайын айтып жүйкесі жұқарған жұрт жылда жасалатын жұмыстың сапасы сын көтермейтінін айтты. Себебі жолдың сапасы талапқа сай келмейді.

– Жылда ақша жасау үшін келе ме? Білмеймін ғой. Жылда жолды жөндейді, жұп-жұқа асфальт төсейді, – деді Кеген ауылының тұрғыны Cерік Асанбаев.

– Кеген мен Нарынқолдың жолын жөндеп берсе деймін. Дөңгелек 22 мың теңге тұрады. «Таксистердің табысы көп» деп ойлайды, Он күн жүрсең, жиырма күннің ақшасы шығады, – деді  Кеген ауылының тұрғыны Сымбат Сегізбаев.

Тасжолдың талапқа сай болуы үшін «Қазавтожол» акционерлік қоғамы тендер ойнатып, мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жариялайды. Оны жеңіп алған компания шама-шарқына қарай шаруаға кіріседі. Былтыр «Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар жолға жауапты мекеме сапасыз қызмет еткені үшін дауға қалған еді. Содан екіжақты келісімшарт бұзылып, «Қазавтожол» серіктестікті сотқа берді.

– Он бес шақырым, сосын қосымша жиырма шақырым жолды жөндейміз деп жоспарлап отырмыз. Әрі қарай 89 шақырым жол кезең-кезеңмен жөнделеді. Ал 200 шақырымды бірден жөндеуге қаражат керек, – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Жасұлан Қалтаев

Тендерге түскен тасжолдың толық қашан жөнделіп бітері белгісіз. Ол әрине, бөлінетін қаржыға байланысты. Бірақ бұған дейін уәдеге сеніп, аузы күйген ауыл адамдары сене қоймады.

– Акт бойынша сіздер жоқ дүниені қабылдап отырсыздар. «ҚазАвтоЖол», одан кейін техникалық қадағалау мекемесі және мердігер қол қойып, мөр басқан. Мекемені таңдап алғаннан кейін, бірден 70% ақшаны аударып жібергенсіздер. Сіздерге заңды өрескел бұзуға кім рұқсат берді? – деді Кеген ауылының тұрғыны Мақпал Шадан.

– Бұл мәселе бұрыннан туындап келе жатқан мәселе, оны жақсы білемін. 775 шақырымдық жол бар. Ол ресбуликалық және аудандық, облыстық болып бөлінеді. «Қазавтожол» басшыларымен келіссөз жүргізіп, жол сапалы болу үшін жұмыс жасалып жатыр, – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Мұқым елге мардымды жауап бере алмаған «Қазавтожол» маманы жол жиегінің опырылуын сапасыз жұмыстан емес, жүк көліктерінің көптігінен көрді. Алайда заң бойынша тапсырыс беруші республикалық тасжолдың жүктемесін ескеруі тиіс екенін білмейтін сыңайлы. Ал аудан әкімінің міндетіне мердігер мекеменің мінсіз жұмысын қабылдап алу кіреді.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы көшелерінде «қауіпсіздік аралдары» пайда болды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир