Өзге елден комбайн, трактор әкелетіндерден техниканың 30 пайыз көлеміндегі салықты қоршаған ортаға әкелер залалы үшін талап етілмек
Агроөнеркәсіп ұйымдары мен қауымдастық өкілдері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өкпелі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Себебі, 1 тамыздан бастап импортталған техникаға Роман Скляр басқаратын мемлекеттік орган баж салығын төлеуді міндеттепті. Өзге елден комбайн, трактор әкелетіндерден техниканың 30 пайыз көлеміндегі салықты қоршаған ортаға әкелер залалы үшін талап етілмек. Нақты айтсақ, министрлік алдағы 15-20 жылда істен шығып, темір-терсекке айналатын техника үшін осы бастан қомақты баж салығын сұрауда. Бүгінде ауылшаруашылық саласындағы сегіз қауымдастық Президентке бұл баж салығына жол бермеу туралы хат жазған.
«Экологтар біздің комбайндардан қандай зиян көргенін білмейміз. Бірақ басқа жағынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұл бастамасы техника жинайтын 5 отандық компанияның мүддесін қорғау үшін жасап жатқанын білеміз. Олар техникаға деген сұраныстың 20-30 пайызын жаба алмай отыр. Неге біз өзге біреулердің зауыттары үшін ақша төлеуіміз қажет?», – деді Қазақстан ет өндірушілер одағының бас директоры Мақсұт БАҚТЫБАЕВ.