Қазақстанда 40 мыңға жуық баланың мінез-құлқы бұзылған. Дәрігерлердің айтуынша, гаджеттегі зиянды контент бүлдіршіндердің миының дамуына кері әсерін тигізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігерлер күнделікті қолымызда жүрген смартфонды балаға ұстата салу аса қауіпті деп дабыл қағып жатыр. Айтуынша, қазір кішкентайлардың тілінің кеш шығуына да бірден бір себеп – дәл осы телефон екен. Бүлдіршін гаджетті қолына алғанда мына әлемнен алыстап, виртуалды әлемге еніп кетеді. Соның кесірінен миы кеш дамиды, ойлау қабілеті бәсеңдеп, ашушаң болады.
– Телефонды көп көретін баланың психологиясы тым әлсіз болады. Интелектуалды түрде дамымайды. Ойлауға ерінеді. Себебі бүкіл нәрсе телефонда дайын тұр. Түрлі образдарды сол гаджеттен көріп алады. Сәйкесінше, бала ерте бастан дұрыс дамымайды. Оған мектеп те қызық болмай қалады, білімі нашарлайды, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі штаттан тыс балалар психиаторы Марина Вихновская.
Технология қарыштап дамып жатқан заманда баланы телефон бермей өсіру мүмкін емес. Отбасылық психологтың айтуынша, бүлдіршіннің қандай контент қарап жатқанын бақылау керек. Телефонды немесе планшетті қолына ұстата салып, бөлек отырғызуға болмайды.
– Ата-ана бұл жерде цифрлық сауаттылығын дамытып, балалардың жас ерекшелігін қадағалау керек. «Балам не көріп жатырсың, бұл 12 жастағы балаға арналған ғой, көруге болмайды» деп ескертуі керек. Мысалы, ватсапты пен тиктокты 12 жаста, телеграмды 17 жаста қолдануға болады. Демек 12 жасқа толмаған балаға әлеуметтік желіні қолдануға болмайды, – деді отбасылық психолог Ержан Мырзабаев.
Дегенмен балаларды телефоннан алыс ұстау қиын екенін ата-аналар да түсінеді. Гаджеттің зиянын балалрдың мінезінен байқайтынын айтты.
– Біз жұмыста болған кезде балалар телефон көреді. Оны біз қадағалай алмаймыз. Ал егер үйде болсақ, қадағалауға тырысамыз, – деді қала тұрғыны Сандуғаш Жаңабаева.
– Телефон қайта-қайта көргісі келеді. Ашуланшақ бола бастайды. Айтқанын істемесең, жылайды, – деді қала тұрғыны Ақжарқын Берқұл.
Таяқтың екі ұшы бар ғой. Мына смартфонның зияны орасан зор, дегенмен пайдасы да көп. Тек балаға пайдалы контент таңдап, бағыт-бағдар беру – ата-ананың міндеті.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана