Мектебі жоқ ауыл: Алматы облысында балалар көрші 6 ауылға қатынап оқуға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Көктал ауылындағы Айғаным шағынауданында 2,5 мың оқушысы бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысына қарасты Көктал ауылындағы 2,5 мың оқушысы бар Айғаным шағынауданында мектеп жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талғар ауданына қарасты Айғаным шағынауданы Алматыға жақын орналасқан. Үй саны жылда көбейіп келеді. Сәйкесінше бала да аз емес. Мектебі жоқ ауыл атанған Айғанымда 1000-нан аса бала көрші елдімекендердегі 6 мектепке қатынап оқуға мәжбүр.

– Бұл мәселе 2015 жылдан бері жыр боп келеді. Әуелі 300 орындық мектеп салмақ болған. Орта жолда тоқтап қалды. Одан кейін 600 орындық мектеп жобасы сараптамадан өтпей қалды.  Енді мемлекеттік бағдарламамен 600 орындық мектеп салынатынын айтып жатыр. Бірақ бұл қашан салынады? – деді Айғаным шағынауданының тұрғыны Нұрболат Келгенбаев.

Екі жарым гектар жерге мектеп салынуы тиіс. Алайда бой көтермек түгілі, іргетасы да қаланбаған. Тұрғындардың сөзіне сенсек, шенділер мұнда мектептің құрылысын мамыр айында басталатынын айтып, уәде берген.

Тек бір ғана Өтеген батыр кентіне шағынауданнан 1000 бала барады. Оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобус болмағандықтан такси жалдауға тура келеді. Ал жалдамалы жүргізушілер айына бір балаға жиырма мың теңгеден ақы сұрайды. Оны әр отбасының қалтасы көтере бермейді. Бір үйде 2-3 оқушысы барларға салмақ, тіпті ауыр.  

– Қыстыгүні, әсіресе, балаларға қиын болып жатыр. Сондықтан көлік мәселесін шешіп берсе жақсы болар еді, – деді Айғаным шағынауданының тұрғыны Ерлік Әбдірахман.

– Менің 4 сынып Қызылтуда оқиды. Қызылтудың мектебі 700 орындық. Екі мың бала үш ауысыммен оқиды. Үшінші ауысымнан балалар өте кеш келеді, – деді Айғаным шағынауданының тұрғыны Зейнегүл Жақып.

Тұрғындармен бірге Қайнар ауылдық округі әкімдігіне барғанымызда «мектеп қашан салынады?» деген сұраққа нақты жауап ала алмадық. Жергілікті билік өкілі бұл шаруа тендер жарияланып, конкурс аяқталғаннан кейін ғана белгілі болатынын айтып, көпшілікті шығарып салды.

– Шамамен мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес, қазіргі таңда хабарландыру берілген. Ол 40-45 күнде қорытындысы шығады. Одан кейін тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қаржылық бақылау агенттігінің тексереді. Егер келісімшартқа сәйкес құжаттар дұрыс болса, құрылыс басталады, – деді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Есенбаев.

Әкім орынбасарының айтуынша, тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелмегендер есепке алынбайды. Тіркелген тұрғындардың саны бойынша шағынауданда мектеп жасындағы 800-ге жуық бала бар.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров