Әуезов аудандық «Бақытты отбасы» орталығында көпбалалы аналарға грант табысталды

24.04.2021 00:00

2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін

Биыл Әуезов аудандық «Бақытты отбасы» орталығында тіркелген 5 көпбалалы ана 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін грант иеленді. Одан бөлек, 35 адам 500 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл соманы иелену үшін жеңімпаздар алдымен орталықта арнайы оқу курстарынан өтіп, өздерінің бизнес-жоспарын қорғаған. Сондай-ақ, аудан әкімінің қолдауымен 4 мекемеден арнайы орын бөлініп, көпбалалы аналарға сауда-саттықпен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Жалпы «Бақытты отбасы» орталығында психолог, заңгер, бизнес оқытушысы өзге де мамандар аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Айта кетейік, бүгінде Әуезов аудандық «Бақытты отбасы» орталығында 3 мыңнан астам ана тіркелген.

«Қазіргі таңда өзіміз сияқты көпбалалы, үйде отырған аналарға көптеген көмек көрсетіп отырмыз. Жалпы Бақытты отбасы орталығының ашылғаны өте үлкен, орасан зор көмек болып отыр. Кейде біз білмедік деп жатады, білген аналар алғысын айтып, осындай орталықтардың болғанына рақмет айтып жатады», – деді көпбалалы ана Назым Смағұлова.