Жазда қатты сасиды: Тараздағы Арай-2 тұрғын алабының тұрғындары кәріз жүйесінің жоқтығын айтып шағымданды

17.02.2021 00:00

Кәріз құдығын қазып амалдаған ағайын оны айына бірнеше рет тазалап тұруға мәжбүр

«Қалдық суды төгер жер жоқ». Осылай деген Тараздық тұрғындар кәріз жүйесінің жоқтығына наразы. Кәріз құдығын қазып амалдаған ағайын оны айына бірнеше рет тазалап тұруға мәжбүр. Бұл мәселеге жауапты мамандар не дейді?  Тараздан Almaty.tv тілшісі Мерей Бает  баяндайды.

Жақыпбек Қуанбаевтың Арай-2 алабында тұрғанына 10 жылға жуық уақыт болған. Бірақ шағын аудандарға іргелес жатқан аумаққа кәріз жүйесін кіргізу бірде-бір рет сөз болмағанын айтады. Амалсыз ағайын кәріз құдығын қазып шайындылардыларды төгіп отырған. Дегенмен заңдылығы бойынша қазылған ор ауладан емес үй жанына іргелес болуы міндетті екен. Салдары күн ысығандағы жағымсыз иіске әкеп соғатыны белгілі. Оған қоса мұндағылар айына бірнеше рет тазарту қалтаға ауырлық салады дейді.

Әкімдік мамандары сан жылғы мәселеден хабардар.  Олар кәріз құбырының жобалық-сметалық құжатына кіріскен. Енді қабылданып, қазынадан қомақты қаражат бөлінсе болғаны проблема шешіледі, дейді. Дегенмен кезек 2025 жылы ғана келмек.

«Қазіргі таңда ол жаққа қаражат бөлінген жоқ. Биылдан бастап жобалық-сметалық құжаттамаға өтінім берілді. Жобалық-сметалық құжаттамаға өтінім қабылданса, бізге қаражат бөлген жағдайда құрылыс жұмыстары болады», – деді ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Мұрат Кәрібаев.

Алқаптағы ауқымды мәселенің бірі – электр жарығының жетіспеушілігі. Тұрғындар көшеде бағананың болмауынан, жарықты көрші жолдан жалғап алған. Енді қолдан жасалған дүние қауіп төндіру мүмкін бе деп алаңдайды. Ал, бұл тұста әкімдік жақсы жаңалықтың болатынын айтып сүйіншіледі. Биыл жұртты жарықпен жарылқауға жергілікті бюджеттен 450 млн теңге бөлінген екен. Енді  1000-ға жуық жеке үй жарықпен қамтамасыз етілмек.

«Наурыз айынан құрылыс бөлінген қаражатқа отырады. Отырғаннан кейін нақты тәртіп бойынша, құрылыс жұмыстарын аяқтау жаңартылады», – деді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Аманбай.

Алқаптағы ағайынның айтқан мәселесі ақшаға келіп тіреледі. Әкімдік әмиянынан қомақты қаржы бөлінсе, кәріз жүйесі шешімін таппақ. Ал, жарықпен жабдықтау жұмысы осы жылдың  шілде  айында бітеді деп сендіруде.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан