Көптеген бозбалалар әскери тәртіпке психологиялық тұрғыда дайын болмайды
Жыл сайын елімізде әскер қатарына 200 мың азамат шақырылса, оның 20 пайызы денсаулығына байланысты қабылданбайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар азаматтық борышын өтеуге жіберілгендер медициналық тексерістен өткізетін комиссиялардың салғырттығынан кері үйлеріне қайтарылады екен. Тіпті бірқатар облыстарда әскери-дәрігерлік комиссия жасақтау проблемаға айналған. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында айтылды. Аймақтар арасында Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында әскерге жарамсыз жастар көп.
«Әскерге шақырылғандар арасында көп кездесетін аурулар бойынша 1-ші орында психикалық ауытқу, 2-ші орында қан айналымы жүйесі мен жүйке жүйесі аурулары және үшінші орында несеп-жыныс жүйесі мен ас қорыту органдарының аурулары бар. Көптеген бозбалалар әскери тәртіпке психологиялық тұрғыда дайын болмайды» - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт ҚҰРМАНБАЕВ.
Әскерге шақырылатындардың бойында пихологиялық аурулар мен жүйке жүйелерінің сыр беру жағдайлары көп кездесуіне байланысты медициналық тексеріске тағы 3 қосымша сараптама қосылған. Атап айтар болсақ, әртүрлі инфекцияларға зертханалық тексерістен өткізуге, жүрек қан тамырлары жүйелері мен іш қуысын зерттеуге басымдық беріледі.