Маңғыстауда балықшылардың білімін жетілдіретін курс ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мәселеге арналған Үкіміттің арнайы қаулысы бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстаулық балықшыларда мәселе көп. Оның әуелгісі – кадр тапшылығы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Амангелді Бексариев балық шаруашылығына жастайынан қызығушылық танытқан. 4 ай бұрын Атыраудан бекіре тұқымдас балықтардың шабағын алып, оны Маңғыстауда өсіруді мақсат етті.

– Қарақия ауданының Құрық ауылында Сарша жерінде балық шаруашылығын бастадым. Каспийдің суына бейімделе ме екен деп 100 дана тексеруге әкелдім. Жағдайы жақсы, – деді балықшы Амангелді Бексариев.

Бірақ маңғыстаулық балықшылардың білгенінен білмейтіні әлі көп.  Оның үстіне, жүйенің тілін меңгерген білікті маман тапшы. Білімнің жеткіліксіздігінен өңірдегі 800-ден астам балықшы мемлекеттен берілетін субсидияға қол жеткізе алмай келеді. Сондықтан 30 жылдық тәжірибесі бар балықшы Ахат Ниматов әріптестерін үш күн оқытуға келген.

– Балық шаруашылығы мамандықтарына грант бөлініп жатыр, бірақ жастар оқығысы келмейді. Өкінішке қарай, грант кері қайтарылды. Бәрі мұнай мен ІТ саласында жұмыс істегісі келеді. Біз институттардың жанынан курс ашып, маман дайындауымыз керек. Кадрсыз балық шаруашылығы дамымайды, – деді тәлімгер Ахат Ниматов.

Тағы бір мәселе, отандық шабақтарды кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Себебі Ресей, Украина, Беларусь елінен тасыған өнімдер қымбат. Сондай-ақ Маңғыстауда Каспий теңізінен 100 мың тонна балық өндіру жоспарланған. Ендігіде Каспий теңізінің потенциалын, балық өсіруге қолайлы климаттық жағдайын пайдалану ғана қалып тұр.

– Үкіметтің 2023-30 жылдарға арналған балық өсіру туралы қаулысы бар. 169  бригаданың штатында 811 балықшы бар. Олардың бәрін үйрету керек. Атырау мен Алматыдан шақырылған тренерлер үш күнде көп мағлұмат береді, – деді ұйымдастырушы Рашит Мұстапаев.

Маңғыстау облысындағы жағалау сызығының ұзындығы - 1350 шақырым. Балық аулауға арналған 33 аймақ Түпқараған мен Қарақия  аудандарында орналасқан. Мұндағы 169 балық аулау бригадасында 811 балықшы қызмет атқарып жатыр. Мамандардың әуелгі назары  – балық кәсіпшілігінен де мол қаржы табуға бағытталмақ.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы «телеарнасы, Маңғыстаудан

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға несие беру: жаңа заң жобасына қандай өзгерістер енгізіліп жатыр

Новости партнеров