Қауіпті аймақ: ауыл тұрғындары сібір жарасын жұқтырудан қорқады

30.01.2024 01:35

Биіктігі 2 метр ғана болатын бетон қоршаудың беті ашық

Almaty.tv

Адам өмірі үшін қауіпті сібір жарасын жұқтырғандардың заттары көмілген жер, ауылдың қақ ортасында тұр. Тұрғындар оны көшіруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамбыл ауданына қарайтын Ақтерек ауылының қақ ортасындағы бұл қоршауда сібір жарасын жұқтырғандардың құрал-сайманы сақталған көрінеді. Сондықтан ел ауылдан алысқа апарып тастаса деп уәжін айтты. Өйткені мал шаруашылығымен күнелтіп отырған 4 мыңға жуық халықтың індет жұқтырмасына кім кепіл деп қорқады.

– Қасында балабақша тұрғаннан кейін шырылдадым. Неге десеңіз, барлығымызда бала бар. Балаларға жұқпайтынынакім кепілдік бере алады? Қараңызшы, ана жерде балалар өтіп жатыр, – дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Жадыра Жаңабаева.

– Бұл жерде ештеңе көмілген жоқ. Тақтайшасын қойды. Біз қайдан білеміз? Ауылдағы әкім қойған жоқ, – деді Ақтерек ауылының тұрғыны Бисара Қойшыбаева.

Ақтеректіктердің айтуы бойынша аты жаман ауруды жұқтырған тұрғындар кезінде осы ауылда тұрған. Бірақ кейін ол аурудың атын естімеген көрінеді. Оның үстіне мал-жанға жұғыпты деген де хабар болмаған.

– Ол 1960 жылдары ауырды, қайтыс болғанына 17-18 жыл болды. Мына белгіні алып тастау керек, – деді Ақтерек ауылының тұрғыны Жұмабек Нұров

Ал биіктігі 2 метр ғана болатын бетон қоршаудың беті ашық. Сондықтан жақын орналасқан мына бөбекжайға да бас сұғып сұрамақ болдық. Бірақ жауап алу оңайға соқпады. Ал әр баладан он мың теңге аламыз деген мекеме өкілі, бүлдіршіндерге келер қауіп жоқ екеніне сенімді.

– Ешкім ескерту берген жоқ. Балабақша 2016 жылы ашылды,  8 жыл жұмыс істеп келеді, – деді балабақшаның өкілі Темірлан Шәйнүсіпов.

– Бұл жерде мал өлексесіінң көмілгені дәлелденбеген. 1977 жылы мұнда қойма орналасқан. Тұрғындардың сөзінше, ауылдың тұрғыны басқа бір жерден сібір жарасын жұқтырып келген. Сол кісінің барлық қолданған заты, дүниесі осы жерде қоймада сақталған. Осы жерде жойылған. Бұны басқа жерге көшіруге болмайды, – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев.

Алматы облысы бойынша осындай сібір жарасы көмілген 87 орын бар. Оның 29-ы Жамбыл ауданында. Алайда ауданнан келген ақжағалылар ол көмінділерден келер қауіп жоқ деп сендірді. Сондықтан салы суға кетуге сәл отырған көпшіліктің үміті тағы да ақталмады. Ал Алматы облысы Жамбыл ауданы прокуратурасы тексеру жүргізіп, бірнеше кемшіліктер анықтаған.

Әлібек Шынтемір, Рашиидин Якупов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Үрейленіп қалған адамға көбірек жүрген пайдалы - маман кеңесі