Бұдан-былай Алматы зообағы тұрғындардың өз бетінше құжатсыз әкеп тастап кететін хайуанаттарды қабылдамайды. Оған соңғы бір айдың ішінде бірнеше жануардың өлгені себеп болып отыр. Қазіргі таңда тағы бірнеше аңның халі мүшкіл, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен айда Алматы зообағында Арыстанның күшігі, яғни абдандар бірінен кейін бірі өлген еді. Дәрігерлер қанша күш салғанымен Гера мен Ассольді аман алып қала алмаған. Өйткені Алматы тұрғыны бұл қос жыртқышты зообаққа құжатсыз әкеп тастап кеткенде-ақ, олардың бойынан түрлі ауру анықталған. Бірінің асқазан-ішек жолдарында кінәрат болғаны аздай, жануарға құтырма аурынан басқа ешқандай екпе салынбапты. Ал екіншісін баққан адам оның дамуында тежеу барына қарамастан, тәуілігіне 20 сағат ұйықтатпай, 5 мезгіл тамағын бермей, азаптап келіпті. Олар жыртқыштарды фотосессия үшін пайдаланған. Ал төртаяқтылардың халі мүшіл болған кезде, қаладағы зообаққа әкеп тастау ең оңай жол болса керек.
Зообақ мамандары аңдар қала тұрғындарына қауіп төндірмес үшін қабылдауға мәжбүр болған. Абырой болғанда, абдандардың ауруы жұқпалы болмапты. Осының барлығын сараптай келе, Алматы зообағы тұрғындардың құжатсыз әкеліп тастап кететін жануарларын қабылдамауға шешім шығарды.
«Бүгінде туған күн немесе қандай да бір мерекелік шараға арыстанның баласы – абданды сыйға тарту сәнге айналған. Онымен әрі кетсе төрт ойнап, қызығы басылған соң, олар зообаққа әкеліп тастап кете салады. Бірақ ол кезге дейін жыртқышқа жағдай жасамаған соң олар түрлі ауруларға шалдығып жатады. Ал жауапсыз адамдардың теріс әркеттерінен кейіні мал дәрігерлері хайуанаттардың түрлі аурумен күресіп әлек болады. Сондықтан бүгіннен бастап біз Алматы зообағының тұрғындардың тастап кеткен ешқандай құжаты жоқ хайуанаттарды қабылдамайтынын ресми түрде жариялаймыз. Қала тұрғындарынан жыртқыш аңдарды ойыншыққа айналдырмауды өтінеміз», дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан СЫДЫҚОВ.
Абдандардан бөлек, шілденің 7-і күні Грация есімді керік те өлді. Зообақта 18 жыл тіршілік еткен жануар инфарктен көз жұмған. Ал мұндай жануарлар негізінен ары кетсе 25 жыл өмір сүреді екен. Қазір, Рада есімді жолбарыс та өлім аузында жатыр. Зообақтың бас мал дәрігері жыртқыштың кәріліктен өлгелі жатқанын алға тартады.
«Жолбарыс қазір тек жата береді, аса көп қимылдамайды. Тәбеті де өте нашар. Төрт аяқтап тұра алмайды, шайқатылып құлай береді. Одан басқа жануарлардың жағдайы әзірге жақсы. Ешқайсысында ауру жоқ. Қазақстанда негізінен жыртқыш аңдарды қабылдайтын питомник жоқ. Сондықтан, қауіпті аңдарды бізге алып келеді. Қайдан алғандарын тұрғындар айтпайды», – дейді Алматы хайуанаттар бағының бас ветеринары Азамат ДҮЙСЕНОВ
Бүгінде хайуанаттардың жағдайына бей-жай қарай алмайтын азаматтар қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Бір айдың ішінде демеушілер 223 миилион теңгеден астам қаржы аударған. Биыл зообақ ішінде қалалықтар көп баратын төрт тоған жөнделіп, бірқатар аңдардың торы жаңартылмақ. Ал келушілердің ыңғайлылығы үшін бақтың төрт бұрышында медициналық орын ашылады. Әрі екі «Ана мен бала үйі» салынады.
«Біз зообақтағы өзгерісерді өздігімізден енгізіп жатқан жоқпыз. Қажетті жобаларды ұсынамыз, ең әуелі онда қарапайым халықтың мүддесі ескеріледі. Зообақтың ішкі құрылыс жұмыстары мен жануарлардың жағдайын реттеу бірінші кезекте тұр. Сондай-ақ, келушілерге барынша ыңғайлы болуы үшін, 70 орынға шақталған көлік тұрағын жасауды жоспарлап отырмыз. Барлық жұмыстар бір жылдың ішінде аяқталуы тиіс», – дейді Алматы хайуанаттар бағының директоры Вячеслав БАНЩИКОВ.
Жаздыгүні күніне кем дегенде 5 мың келушіні қарсы алатын зообақтың күрделі құрылыс жұмыстары бір жылдың ішінде аяқталады деп жоспарлануда. Мамандар қайта жөндеуден кейін хайуанаттар бағына ағылатын жұрттың қарасы артатынына сенімді. Өйткені былтыр маймылдардың тұрағы жөндеуден өткен соң, келушілердің қатары екі есеге өскен.
Әйкерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы