Мемлекет басшысының жарлығымен Алматы әкімі болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаев әуелі барлық ауданды аралап, негізгі мәселелермен танысып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бақытжан Сағынтаев Алматының әкім қызметіне кіріскен бірінші күні-ақ әлеуметтік желіде жеке аккаунтын ашып, алматылықтарды түрлі мәселелер мен қала дамуын талқылау үшін ашық әңгімеге шақырды. Мегаполис басшысы алматылықтар мен қала қонақтарына жариялаған үндеуінде «Алматы – әр қазақстандық үшін ерекше қала. Оның қауіпсіз әрі жайлы болуы – менің бірінші мақсатым» деп айтқан болатын.
Қала әкімі қоғамдық кеңестің құрамымен, үкіметтік емес және жастар ұйымының өкілдерімен кездесті. Бақытжан Сағынтаев барлығына қала дамуына қатысты ой-пікірлерімен ашық бөлісуді сұрады. Алайда, экология, тұрғындар қауіпсіздігі және өмір сүру сапасын жақсарту басты орында.
«Сіздер үнемі халықпен біргесіздер. Сондықтан қала тұрғындарының әлеуметтік көңіл күйлерін жете білесіздер. Азаматтар мен қоғамның негізгі талаптарын сезіне отырып, сіздер оларды мемлекет мүддесімен үндесуге, билік органдарының оларды шешуіне көмек бересіздер. Мен азаматтармен ашық коммуникацияны қалаймын, қаланы дамыту жоспарларымен бөлісуге, оларды ашық талқылауға дайынмын. Күшімізді біріктіре отырып, қала тұрғындарының өмір деңгейінің сапасын арттыру, инфрақұрылымдарды жақсарту бойынша барынша ұтымды шешімдер қабылдауға болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Әкім алғашқы жұмыс аптасында қаланың 8 ауданын аралап, жергілікті тұрғындармен тілдесті әрі кезек күттірмей шешілуі тиіс көкейтесті мәселелерді анықтады. Алғашқы болып аяқ басқан Түрксіб, Жетісу және Әуезов ауданында тұрғын үй шаруашылығы, аулаларды көріктендіру, балалар алаңы мен жарықтандыру секілді негізгі мәселе екен. Ал, Наурызбай мен Алатау ауданында ауыз су тапшылығы, көгілдір отын және электр желілерімен қамту – басты шаруа. Алматылықтар айтқан барлық шағымды тездетіп шешу үшін Бақытжан Сағынтаев аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазірдің өзінде қала әкімі тапсырған бірқатар шаруалар жүйелі түрде орындалып бастады. Одан бөлек, Алматы әкімі медициналық қызмет көрсету сапасын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Шаһар басшысы медицина өкілдерімен кездесу барысында медициналық қызметтің сапасын жетілдіру, цифрландыру, дәрі-дәрмекке қол жеткізу және жемқорлық мәселелерін жою жайын жеке бақылауына алатынын ерекше атап өтті. Ал, құқық қорғау орындары қызметкерлерімен кездескен Бақытжан Сағынтаев патрульдік қызметті күшейтіп, бейнебақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты. Тапсырма аясында қылмыс деңгейі төмендеп, халық сенімінің артуы маңызды рөлге ие.
«Қаланың әр тұрғыны мен қонағы өзін толықтай қауіпсіз сезінуі қажет. Тек орталық көшелерге ғана жарық пен бейнекамера орната бермей, Алматының барлық аумағын қауіпсіз етуіміз керек. Қалада қылмыс көп жасалатын қараңғы жерлердің тізімін жасауды тапсырамын. Біз сол аумақтарды жарықтандырып, бейнекамера орнатамыз. Бұл мақсаттағы жұмыс үшін қаржыны да аяп қалмауымыз қажет. Себебі тұрғындардың қауіпсіздігі – бірінші орында», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Әкім кезекті жұмыс сапарында экологиялық менеджментті жақсартуды тапсырды. Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданындағы коммуналдық желілердің жағдайымен, абаттандырумен және мегаполис жолдарында жүргіншілердің жарақат алуы мен жол көлік апаты санын азайту шараларымен танысты. Алмалы ауданын аралау барысында мегаполис басшысы көлік және жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысып жүрген қаланың белсенді жастармен әңгімелесті.
«Осы тұста Панфилов көшесін мысалға келтірсек болады. Түнгі сағат 23.00-де адамдар бұл көшеде әлі серуендеп жүреді. Түнгі 00.00-де метро жұмысын тоқтатады. Содан соң ғана жұрт аяғы басыла бастайды. Панфилов – бір ғана мысал. Егер көлік түнгі 03.00-ге дейін қатынап тұрса, онда жұрт соған дейін де жүре беруі мүмкін», – деді жастар осы тұста.
Бақытжан Сағынтаев Алматы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «шетсіз қала» қағидасы бойынша дамитын болады деді. Айта кету керек, алматылықтар өзекті мәселелерін қала басшысына әлеуметтік желі арқылы тікелей жеткізулеріне болады әрі үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен ашық әңгіме құра алады.
«Алматы қашанда үздік тәжірибелер, жаңашыл жобалар мен азаматтық қоғам саласындағы кейстерді жүзеге асыруда көшбасшы болып келеді. Бүгін біз ҮЕҰ-ды дамыту мен олардың тиімдігілін арттырудың «жол картасын» жасау үшін жиналып отырмыз. Маған қоғамның өзекті мәселелерін бірігіп шешуде сіздер ұсынатын идеялар мен пікірлеріңізді есту өте маңызды. Біз ашық диалогқа әзірміз және қаламыздағы ҮЕҰ-мен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Сондықтан, басты міндеттер мен стратегияға және түйткілді мәселелерге үнемі айрышқа назар аударамын», – деді қала әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Шаһар басшысы кәсіпкерлермен бірге шағын және орта бизнесті дамытуды да талқылады. Кездесуде базарларды заман талабына сай жаңарту, туристік ахуалды жақсарту, инновациялық технология мен цифрландыру мәселесін дамыту жайы әңгімеге арқау болды.