Алматыда шеберлер жетігеннің заманауи түрін жасап шығарды

30.04.2019 00:01

Жаңа жетігенмен әлемнің үздік шығармаларын орындауға болады

Алматыда отандық шеберлер бар болғаны 1 айда жетігеннің жаңа түрін жасап шықты. Ұлттық аспапқа заман талабына сай бірнеше өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды 

Almaty.tv тілшісі.


Бастысы, аспаптың ата-бабамыздан келе жатқан түпнұсқасы сақталады. Бүгін жаңа аспапты Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушылары сынап көрді.

«Бұрын аспаптың тиегін қозғалтып қоя салушы едік. Алайда одан таза дыбысты табу, бір дыбыстан алтерация дыбысына ауысу қиын болатын. Қазір міне шығарманы ойнап отырып, бұрай саласың. Оған көп уақытың да кетпейді», – дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Марал САХМЕТОВА.

«Әсіресе, оркестр музыкасын әрлегенде дыбыстардың ауысуынан қатты қиналатынбыз. Тек қай бағытта тұр, мысалы до-мажор болса, тек соны ғана ойнап шығатын. Енді міне, заманға сай жетігеннің ішегі 21-ге жетті. Бұрынғы екі ішекті қылқобыз қазір төрт ішекті болып, скрипкамен теңесті ғой. Бүгінде ол соның арқасында әлемдік шығармаларды ойнай береді. Сол сияқты біз енді жетігенді де дамытуымыз керек», – дейді «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің дирижері  Ықылас НҰРҒАЛИЕВ.

Арнайы орнатылған механизм музыканттардың өмірін барынша жеңілдетіп, уақытын үнемдейді. Оған қоса, жетігеннің жаңартылған нұсқасымен әлемнің үздік шығармаларын орындауға мүмкіндік бар. Мамандар енді қазақтың басқа да ұлттық аспаптарын осылай заманға сай  жаңартуды көздейді.