|
13.06.2022 | 21:08
4920

«Мектепке барып, білім алғым келеді»: Көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрайды

6 жастағы Саятқа ақ қан диагнозы қойылған

«Мектепке барып, білім алғым келеді»: Көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрайды Almaty.tv

Шұғыл көмек қажет! Көпбалалы ана Алима Дүйсенбиева 6 жастағы науқас баласы үшін көпшіліктен көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Саят есімді балдырғанға ақ қан диагнозы қойылған. Дәрігерлер оның жілік майын ауыстыру қажет екендігін айтады. Енді Саяттың өмірін сақтап қалу үшін ата-анасы шет елге аттануға мәжбүр.

5 жасқа дейін Саят зерек өсті. Атқарған жұмысы тиянақты, кез келген дүниеге қызығушылық танытып,  көрсем, білсем деп тұратын дейді анасы. Алайда, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балдырғанды тағдыр тезіне салды дерсіз. 8 ай бұрын дәрігерлер лейкемия диагнозын қойған.  

«Қыркүйек айынан бастап, баламның құлағы ауырлап, мұрыны бітеліп, мойнынан бездер байқадым. Содан кейін нақты диагнозы анықталды. Қанша ай болды, қарқынды түрде емделіп жатырмыз. Бірақ беті бері қайтқанымен, жілік майын ауыстырмай жасалған ем дұрыс болмайды», – деді анасы Алима Дүйсенбиева.

Баланың емі үшін қазір қомақты қаражат керек. Отбасы бұл салада түрік ағайындарымыздың тәжірибесі мен ем-шарасын жоғары санап, Стамбұлға жол жүрмек ниетте. Ал түркиялық медицина қызметкерлері жақында балаға донор табылғанын айтып, қуантқан. Тек қаржы жағы қолбайлау болып тұр. Отаға 50 млн теңге қажет.

«Барлық қазақстандықтардан, аға-әпкелерімізден, бар жақсылардан көмек сұраймыз. Бала жазылып кетсе екен деймін. Қолдауыңызға, көмегіңізге мұтажбыз», – деді анасы Алима Дүйсенбиева.

Қазір Саятқа ерекше күтім керек. Бұған дейін бірнеше рет химия мен сәулелі терапия алыпты. Ол бала ағзасына аса ауыр тиген көрінеді. Енді жалғыз үміт күрделі отада дейді анасы.

«Арманым тезірек  мектепке барып, білім алсам деймін. Бауырларымның ортасында болғым келеді», – деді  Саят Есенбек.

Ата-анасы баласы сыртқатқа шалдыққан күннен бастап, түрлі қорлар мен қайырымдылық топтарға жағдайын айтып жүгінген. Жомарт жандардың көмегімен бүгінге дейін 7 млн теңге жиналыпты. Десе де баланың емі үшін бұл қаржы жеткіліксіз болып тұр. Бүлдіршіннің сауығып кетуіне жағдай жасап, үлес қосатын жаны жайсаң жандар болса, экранда көрсетілген телефон нөмірлерге хабарласса болады.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир