Өркениеттен ада қалдық: батпаққа батқан ауыл тұрғындары ауыз суға зәру

05.12.2023 00:01

Бес жылдан бері жыр болған мәселе биыл да шешілмейтін көрінеді

Almaty.tv

Өркениеттен ада қалдық. Алматы облысында ауыл халқы орталықта тұрғанмен коммуналдық қызметке қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Бес жылдан бері жол, ауыз су құбыры мен жарық орнатылмаған.

Бес жылдан бері асфальт көрмеген жолдарға халық өзі ақша жинап, тас төсеген. Мәселені сан мәрте көтеріп облысқа жазған арызға да ешкім құлақ аспаған.

– Әкім келгенде қуандық. Жолға тас төгіп береміз деп айтқан. Бірақ батпақ әкеліп төгіп кетті. «Мүйіз сұраймыз деп құлақтан айырылғанның» кері болды. Көптеген инвалид адам тұрады. Жұмыссыз адамдар бар. Үйлерінде кәрі-жас балалары бар. Жүре алмай қалдық, – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Өнерхан Қабікейұлы.

Әзірге жергілікті әкімдік жолды уақытша ретке келтіру жұмыстарын істеп жатыр. Ауыл халқының 5 жылдан бергі жыр болған мәселесі биыл да шешілмейтін көрінеді. Себебі жауаптылар жыл аяқталып, жоспардың бәрі жабылғанын айтты.    

– Алпамыс батыр көшесінің ұзындығы 1700 метрді құрайды. Биыл аудан бойынша 55 шақырым 85 көше жасалды. Бұл көшені келер жылға жоспарға қосып, сметалық жобасын дайындап отырмыз, – деді Іле ауданы жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Сүйлейменов.

– Кешке қарай мүлдем қараңғы, бұрынғы заманда өмір сүріп жатқандаймыз. Балаларымыз теледидар көруден қалды. Кешке қарай кір жуа алмаймыз. Газды қосқан күннің өзінде электр арқылы қосылады. Жылу, су жарыққа келіп тіреледі, – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Мадина Кибриханова.

Ал жергілікті билік жарыққа акционерлік қоғам жауапты екенін айтты. Десе де, биыл жыл соңына дейін әкімдік меншігіне өткізіп, мәселені бір жақты етуге сендіріп отыр.

– «Кернеу» ЖШС электр жарығын ауыстырып, бағаналарын қояды. Бейсенбіде жұмысын бастайды. Электр желісінің жұмыстары осы жылдың соңына дейін ақталады, – деді Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенже Бурхина.

Қарашаның базынасына айналған жол мен суға қаражат алдағы жылы ғана қарастырылмақ.

Ұлағат Арғын, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қосшы қаласының тұрғындары неліктен жылусыз отыр