Алматыда 14 отбасына көгілдір отынды тегін қосып берді

Алматыда 14 отбасына көгілдір отынды тегін қосып берді
Қазіргі таңда Алмалы ауданында газбен жылынатын 3495 үй бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жылуға зәру! Алматының Алмалы ауданы әкімдігі 14 отбасыға көгілдір отынды тегін қосып берді. Ортақ газ құбыры үйлеріне келіп тұрса да,  қаржы қол байлау болған олар бірнеше жылдан бері қосыла алмай келген. Жергілікті әкімдік көгілдір отынға қол жеткізе алмай келгендердің үйіне алдымен өздері барған. Кейін мүшкіл жағдайларын көріп, көмек көрсету керек деп шешкен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Қыдыровтар отбасы көмір жағып, үй жылытатын машақаттан құтылды. Себебі, Алмалы ауданы әкімдігі көпбалалы әкеге қолғабыс жасап, баспанасына тегін көгілдір отын тартып берді. Оның үстіне, Оразалы Қыдыров – жалғызбасты әке. Жұбайы оқыста қаза тапқан соң төрт баланың жағдайына бір өзі жауапты. Тек денсаулығы сыр беріп, кеше ғана өзі ота жасатып шыққан. Айтуынша, бұл үйге 16 жыл бұрын көшіп келсе де, газ орнатуға қаражат жетпеді дейді.

«Қыстың көзі қырауда көмір жағатынбыз. Отын сатып алатынбыз. Сол жағы кішкене қиындау. Әрине, қиналатын едік. Енді жақсы болды міне. Енді маған алты айға дейін 3 килограмнан артық көтеруге болмайды деді. Сондықтан бұл мен үшін айтарлықтай көмек болды», - дейді Оразалы ҚЫДЫРОВ.

Ал бұл – бір-біріне сеп болып жүрген зейнеткерлердің баспанасы. Осы үйге шамамен 1970 жылдары көшіп келген. Содан бері қыста пеш жағып, жылынып келеді. Қазір қарттар көмір тасудың одан сайын қиындай түскенін айтады. Себебі, көмектесетін ешкім жоқ. Оған қоса, қара отынмен жылынатын үйде біркелкі темаратура жоқ. Таңертең баспана іші суып кетеді деп отыр қария.

«Бұл үйде бір емес, екі пеш бар. Жылы ұстау үшін екеуін де жағатын едім. Қазір денсаулығымыза байланысты қозғалуым қиындады. Жолдасым да ауыр көтере алмайды. Ал газ орнатамыз дегенмен зейнетақымыз дәрі-дәрмектен артылмай келеді. Қайта керек тұста Алмалы ауданы әкімдігі жанымыздан табылды. Жағдайымызды көріп, көмектесті», - дейді Лидия СКОМОРОХ.

Лидия әжейдің аттасы да ортақ жылу жүйесіне тегін қосылғандардың бірі. Бұл жер үй бауыры екеуіне әкесінен мұраға қалған. Қазір ағасы екеуі де зейнеткер болғандақтын газға қосыла алмай жүріпті. Қаражат жеткіліксіз болды деген қария қартайған кезде шайды оңай қайнатып ішіп отырғаны қуантады. Оның үстіне, үйдің іші жып-жылы болып тұр дейді.

«Онсызда шешілмеген мәселе көп еді. Әрине, қиналдық. Тасу, сатып алудың өзіне күш-қуат керек. Өзіңіз ойлаңызшы, қарияларда 400 мың теңге қайдан болсын?! Барлығына ризамын. Аз уақыттың ішінде құбырларымен бірге жылу тарататын батареяны да жаңартып берді», - деді Лидия АНТАШКИЕВА.

«Оған енді газ компаниялары демеушілік көрсетіп жатыр. Ол кісілер өздері тек пеш сатып алады жатыр. Қалғаны үйіне дейінгі құбырлардың бәрі тегін», - деді Алматы қаласы Алмалы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Дәулет ЕШМҰРАТОВ.

Қазіргі таңда Алмалы ауданында газбен жылынатын 3495 үй бар. Оның 139-ы ортақ жүйеге қосылмаған. Жергілікті әкімдік экологияға зияны жоқ жылыту түрін пайдалану әлдеқайда тиімді екенін айтып, халықпен түсіндірме жұмысын жүргіземіз деп отыр.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров