Биыл алимент төлемегендерге қатысты 7 қылмыстық, 15 шақты әкімшілік іс қозғалған
Алматы облысы Талғар қаласында алимент төлемей жүрген әкелерге жұмыс жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жәрмеңкеге келген 20 шақты азаматтың жетеуі жұмысқа орналасты. Биыл алимент төлемей жүргендердің берешегі 300 миллион теңгеден асқан.
57 жастағы Алматы облысының тұрғыны Мұрат Жайнақов – үш баланың әкесі. Осыдан 2 жыл бұрын жарымен ажырасқан. Балаларының алды кәмелеттік жасқа толғандықтан, тек сүт кенжесіне ғана алимент төлейді. Тұрақты жұмысы болмай, баласы алдындағы міндетін орындай алмай жүрген. Осыдан 5 ай бұрын сот орындаушылары оны автобус жүргізушісі етіп жұмысқа тұрғызыпты. Ал бүгін қосымша табыс табу үшін жәрмеңкеге келген.
«Дұрыс емес. Өз баласы ғой, алиментті төлеуі керек. Өз басым балаларымнан қашып тұрған жоқпын. Үйлендірем. Өмірге әкелген соң, бағу – міндеттім», – деді борышкер Мұрат Жайнақов.
Алматы облысына қарасты Талғар ауданында биыл алимент төлемегендерге қатысты 7 қылмыстық, 15 шақты әкімшілік іс қозғалған. Оның үшеуіне сот үкімі шықты. Ал қалғандарына қатысты тергеу жұмысы жалғасып жатыр.
«Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру және алимент бойынша қарыз соммасын азайту. Көп борышкер жұмыссыз. Жұмыссыз болуына байланысты алимент төлей алмайды. Сол себепті де жұмыспен қамту іс-шарасы өткізіледі», – деді Талғар
Ал прокурорлар мен сот орындаушылар түрлі сылтау айтып, алимент төлеуден жалтарғандарға заң қатал екенін ескертеді. Баласына тиесілі қаражатты 3 ай кешіктірген ата-анаға қылмыстық жаза қарастырылған. Олар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жадыра Омаржан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы