Алматыда алимент төлеуден жалтарып жүрген жауапсыз әкелердің жалпы қарызы 50 млн теңгеден асады. Борышкерлер санын азайту мақсатында бүгін мамандар ашық есік күнін ұйымдастырды. Қалалық Әділет департаментінен арнайы келген заңгерлер осы мәселеге қатысты шығымданып, келгендердің сұрақтарына тегін жауап беріп, кеңес берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өзін Рүстем деп таныстырған жігіт бет-жүзін көпшілікке көрсетуден бас тартты. Тағдыр тәлкегіне түсіп, 5 жылдан астам уақыт бойы темір тордың ар жағында отырып келген. Арнайы білімі де жоқ. Сол себепті тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады. Бір балаға алимент төлеуі керек екен.
«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне де барып көрдім. Ұсынған жұмыстарына төленетін айлық жалақы 70-80 мың теңге аралығында. Алимент алдындағы қарызым бір айға 65 мың теңге болады. 70 мыңға жұмысқа тұрсам, кішігірім кәсіппен де айналысып көрсем деген ойым болған. Берешегімді уақытылы төлемегендіктен, шоттарымның бәрі бұғатталды», - дейді Рүстем есімді жігіт.
Ал Сұлушаш Нүсіпова 12 жасар қызына алимент өндіре алмай жүр. Бұрынғы күйеуі 9 рет некелесіп, барлық баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген көрінеді.
«2010 жылы туған қызым бар. Заңды некеде болғанмын, қазір оны жойғызып тастаған. Қазір қызым заңды түрде өзімнің атымда. Сол үшін менің қызым емес деп алимент төлемей жүр. ДНК жасатуға дайынмын», - дейді қала тұрғыны Сұлушаш Нүсіпова.
Қазір заң бойынша ажырасқан ер адам жалпы айлығының 20 пайызын алимент төлеуге жұмсауға міндеттеледі. Ал сот орындаушыларына түсетін істердің басым көпшілігінде әкелерден өндіріп алатын ақша да, тәркілейтін мүлік те болмайды екен. Борышкердің көбі қулыққа барып, табысын жасыратын көрінеді.
«Қазір біз негізі заңға өзгеріс енгізу мақсатында министрлікке ұсыныс жолдап жатырмыз. Онда әр жастағы балаға төленетін ақша көлемі әр түрлі болуы керек делінген. Мысалы қазір жалғызбасты аналарымыз 4 жастағы бала үшін де, 14 жастағы бала үшін де бір көлемде ақша алып отыр. Енді есептеп көріңізші, екі жастағы баланың қажеттілігі екі түрлі ғой. Бала есейген сайын оның оқуы мен киіміне, жүріп-тұруына ақша керек», - деді «Rahym» әлеуметтік орталығының жетекшісі Бибінұр Шерәлиева.
Бүгінде қала бойынша алимент төлеушілер саны 12 мыңнан асады. Олардың 1700-і бала алдындағы қарызын бірде өтесе, бірде өтемейді екен. Ал 300-ге жуық адам жауапсыз әкелердің тізімінде, яғни алиментті мүлде төлемейтіндер қатарында жүр.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы