Автобус жүрмейді: Өскеменде тұрғындар аялдамада сағаттап тұруға мәжбүр

21.02.2024 в 00:03

Қалада әдеттегі 250 автобустың орнына бүгінде тек 165 көлік жүр

Өскеменде бірнеше күн бойы саршұнақ аяз бет қаратпай тұр. Бүгінгі күні сынап бағанасы сықырлаған 45 градусты көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аяздың қаһарынан қоғамдық көліктер қатып, тұрғын тасымалдау қиындады. Қалада әдеттегі 250 автобустың орнына бүгінде тек 165 көлік жүр. Халық тасымал тапшылығын бірден байқаған. Олар діттеген жерге жету үшін 40 минут, бір сағаттап күтуге мәжбүр.

– Кейде бір сағаттап қоғамдық көлікті күтеміз. Енді не істейміз? Басқа шара жоқ. Ұзақ күтуге тура келеді, бәрібір діттеген жерге жету керек, – деді қала тұрғыны Светлана Матвеева.

Ауа райының қолайсыздығы әсіресе шалғай аудандағы тұрғындар үшін қиынға соғып тұр. Зәуреш Манжолова күнкөрістің қамымен күн сайын ауылынан қалаға қатынауға мәжбүр. Таксиді қалта көтермейді деген зейнеткер күннің суығында маршрутты ұзағынан күту денсаулыққа да зиянын тигізетінін айтты.

– Аязда 40 минут автобуст тостым, аяғым қатып қалды. Кәдімгідей сөйлей алмай қалдым. Балаларға қандай обал, бізге, үлкен кісілерге өте қиын. Сұмдық қой – дейді қала тұрғыны Зәуреш Манжолова.

Халықтың көкейіндегі сауалдарды жолаушылар тасымалын басқару орталығына қойдық. Алайда мамандар бұл мәселені шеше алмайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, техника сарышұнақ аязға төтеп бере алмайды. Тежегіштер, есіктер істен шығып жатыр. Олардың жұртшылыққа берер жалғыз кеңесі – арнайы қосымша арқылы автобустардың қозғалысын бақылау.

– Автокөліктер, көліктер ауа райына байланысты, қызмет көрсете алмай жатыр. Себебі автобустардың жанармайы қатып, есіктері ашылмай жатыр. Өскемен қаласының тұрғындары бір жаққа шығуды жоспарлайтын болса, Oskemenbus қосымшасы арқылы қоғамдық көліктің уақытын бақылап, аялдамаға шығуын сұраймын, – деді Жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Амантай Бақыт.

Oskemenbus – аялдамада сағаттап күтпей, көліктің қай жерде келе жатқанын бақылауға арналған қосымша. Әзірге қытымыр аяздан әбден әлек болған халықтың жалғыз шешімі – осы. Ал қаланың кей бөліктерінде еріктілер аялдамаларда ыстық сусын таратып, көпшіліктің алғысына ие болып жатыр.

Әйкерім Пернебек, Руслан Мухамедьяров, «Алматы» телеарнасы, Өскеменнен

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: СҚО-да жол-көлік апаты жиіледі