Алматының бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин қасиетті Құрбан айт мерекесін тойлауға қатысты қаулы шығарды
Алматының бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин қасиетті Құрбан айт мерекесін тойлауға қатысты қаулы шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Барша мұсылманды атаулы мейраммен құттықтаған ол биыл әлемдік пандемияға байланысты біраз өзгерістердің барын айтты. Қазіргі таңда қалада 10 мың 712 адам қауіпті індетті жұқтырып, 73-і қайтыс болды. Сондықтан дүйім елдің бас амандығын сақтау мақсатында құрбан шалу онлайн түрде өтеді. 31 шілдеден 2 тамыз аралығында қалада санитариялық бақылау күшейтіліп,шектеулер салынды.
«Меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй иеліктерінде және медреседе адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге, Алматы қаласының аумағында мал союды ұйымдастыруға және өткізуге, автокөліктерде және жеке үй иеліктерінде мал сатуға, 31 шілдеден 2 тамыз аралығында Алматы қаласының орталық мешітімен белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою цехтары мен мал сату базарының жұмысын тоқтату», – деді Қалалық бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин.
Биыл Алматы мешіттерінде құрбан айт намазы оқылмайды. Қауіпті індетке байланысты Алланың үйінде құлшылық рәсімдерін орындау әзірге мүмкін емес болып отыр. Оның орнына әрбір мұсылман азамат үйде екі рәкағат амаз оқиды. Дегенмен барлық карантиндік талаптар сақталып, қалада онлайн құрбандық шалынады. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды. Олар үш күннен бері жұмысқа кірісті. Толық ақпаратты муфтияттың және Орталық мешіттің сайтынан қарауға болады. Ал құрбандыққа шалынған малдың еті мұқтаждарға барлық карантин ережесі сақталып, үйлеріне жеткізіледі.
«Сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру және мұқтаж жандардың ет алуға өтініш қалдыруы үстіміздегі жылғы 24 шілде мен 30 шілде аралығында жүргізіледі. Биылғы пандемиялық жағдайға, карантиндік талаптарға байланысты онлайн құрбандық шалуға тапсырыс бергендердің отбасылық үлестері берілмейді. Бұған біздің халқымыз құрбандық шалушылар түсіністікпен қарағандары жөн», – деді Қалалық орталық мешіттің бас имамы Еркінбей Шоқай.