Сапасыз өнім: Отшашуды сатып аларда абай болыңыз

31.12.2022 00:03

Төтеншеліктердің айтуынша, қыс мезгіліндегі өрттің 20 пайызы пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде тұтанып жатады

cominf.org

Отшашулар кез келген мерекенің сәнін қыздырары сөзсіз. Алайда оның да қолдану ережелері бар және оны келе жатқан мерекеде ескерген жөн. Медицина қызметкерлерінің ұсынған дерегіне сүйенсек, жылда Жаңа жыл түнінде 20-30-ға жуық адам дәл сол пиротехниканы қолдану кезінде жарақат алып, ауруханаға түседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баласының амандағын тілеген ата-аналар отшашулардың сатылымын ерекше бақылауға алу керегін айтады. Себебі пиротехника саудасымен айналысатындар балалардың жасына да мән бермей, сұрағанын қолына ұстата салады дейді.

«Пиротехника тұрмақ үйдегі тұрмыстық техника заттарының қауіпсіздігіне күмән келтіретін болып жатырмыз ғой. Пиротехниканың кесірінен қанша адам күйік шалу бөлімшесіне түсіп жатады. Сондықтан да қарсымыз оған», – деді ата-ана Гүлдерай Әуезбек.

Даурыққан ата-аналардың сөзін медицина қызметкерлері де жоққа шығармады. Олардың айтуынша, мереке кезінде денесін күйік шалған науқас саны артады.

«Олар қолында қалай жарылып кеткенін түсінбей қалады. Бір-бірімен ойнап, киімінің астына лақтырып жатады. Пиротехникадан түскен жарақаталғандар саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Алатау, Жетісу ауданында көп», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы күйік бөлімшесінің меңгерушісі

Ал төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының айтуынша, пиротехника қаупінен сақтану үшін қауіпсіздік ережесінен бөлек, сатып алу кезінде тауардың сапасына назар аударған абзал. Себебі жайма базарларда, әсіресе мереке қарсаңында, мерзімі мен нормасы ережеге сай келмейтін отшашулар саны күрт артатын көрінеді.

«Өткен жылдың жаңа жылдық мерекелерінде пиротехникалық бұйымдармен абайсызда жұмыс істеудің нәтижесінде медицина мекемесіне 39 адам, оның ішінде 29 бала көмекке жүгінді. 8 адам ауруханаға жатқызылды, олардың арасында 7 бала бар», – деді Әуезов аудандық ТЖБ аға инженері Исламбек Байгелов

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбау салдарынан, 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында, еліміздің ірі қалаларында орта есеппен алғанда үш өрт оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ әрбір облыс орталығында статистика бойынша, 3-5 адам түрлі күйік жарақатын алады. Төтеншеліктердің айтуынша, қыс мезгіліндегі өрттің 20 пайызы пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде тұтанып жатады. Ал оған тауардың тиісті нормаға сәйкес келмеуі, ереженің сақталмауы сынды деректер себеп болады. Сондықтан құтқарушылар отшашуды сатып аларда сатушыдан анықтама талап етіп, мұқият болуға шақырады.

Оразай Нұртай, Максим Козлов, «Алматы» телеарнасы