Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бейнемониторинг аясында қазір Алматы бойынша 1 мың сандық камера орнатылған
Алматы полициясында 7 мыңнан астам бейнекамера арқылы жалпы жұмысты онлайн режимде көруге болады. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бейнемониторинг аясында қазір Алматы бойынша 1 мың сандық камера орнатылған. Одан бөлек, 42 стационарлық модульдік бекеттердегі бақылау жүйесі арқылы тәртіп сақшыларының жұмысын талдауға мүмкіндік туып отыр.
Полиция департаменті тарапынан орнатылған 7 018 бейнекамераның 3 мыңнан астамы биылдан бері жедел басқару орталығына қосылды. Ал «Полис 102» мобильді қосымшасының негізінде жыл басынан бері бейнеқоңырау, СМС және аудиохабарлама режимінде азаматтардың 2 600-ге тарта өтініші түскен.
«Бүкіл бейнекамераларды көрсеттік. Қазір полиция ғимаратында 420 кабинетке бейнекамералар орналастырылған. Олар – көбіне тергеушілер, анықтаушылар, жедел уәкілдер. Олар халықпен тікелей жұмыс істейді, сондықтан олардың жұмысын тікелей анықтау мақсатында 420 бейнекамера осы ғимараттың ішінде орналастырылған», – деді қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.