Заңға қайшы әрекет резонанс тудырғанда ғана назар аудару дұрыс емес - Артур Ластаев

22.04.2023 00:30

Елімізде өткен жылы адам саудасына қатысты 80-нен астам дерек тіркелген

Almaty.tv

Елімізде өткен жылы адам саудасына қатысты 80-нен астам дерек тіркелген. Орташа есеппен алғанның өзінде Қазақстанда жыл сайын мұндай қылмыстың 100-ге тарта фактісі анықталады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев заңға қайшы әрекетпен күрес жолында тиісті заңнамаға түзетулер дайындалғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бірақ ол әзірге қабылданбаған. Омбудсменнің айтуынша, елдегі адам саудасы мен сексуалды және еңбек құлдығына қатысты қылмысты азайту үшін жемқорлық мәселесіне де назар аударған жөн.

«Құзырлы органдар мұндай қылмысты дереу анықтап отыруы тиіс. Бірақ түрлі себеппен, заңға қайшы әрекет резонанс тудырғанда ғана назар аударып жатады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан біз құқық қорғау органдарымен бірігіп, осы мәселені қолға алып, күресуіміз керек», – деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.