Жалпы бір үйді салуға 12 миллион теңге қаржы кеткен, ал 8 сотық жер телімін мейірімді жандар сыйға тартыпты
Игі бастаманы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен бірнеше қайырымдылық қоры бірігіп іске асырған. Жаңа пәтердің кілті Гүлдала елді мекенінде табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әр отбасында кемінде бес баласы бар ата-аналар 25 жылдан бері пәтер жалдап жүріпті. Қайырымды жандарға алғыс айтқан аналар көз жастарына ерік берді.
Алматы облысындағы Гүлдала ауылында күздің жаңбырлы күніне қарамастан, елдімекенде дүбірлі той. Себебі, бес бірдей көпбалалы отбасы армандарына қол жеткізіп, баспаналы болды. Кірпіші қайырымды жандардың көмегімен қаланған зәулім үйлерге енді 5 отбасы қоныстанбақ. Әр отбасыға берілген пәтердің көлемі 50 шаршы метрді құрайды. Игі істің жаршысы болып, еліміздің бас мүфтиі де арнайы келді.
«Барша үлес қосқан қауымға ниеттеріңіз қабыл болсын деп айтқымыз келеді. Өйткені, Аллаға құл, Пайғамбарға сүйікті үмбет боламын деген адам қайырымды жан болуы керек. Ол бір-біріне қол ұшын беретін, өзі жақсы көргенді өзгеге де лайықты деп көрген мұсылман ғана міне сол кемел момын мұсылман болып табылады», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ.
Жалпы баспананы салуға 12 миллион теңге қаржы кеткен. Ал 8 сотық жер телімін мейірімді жан сыйға тартыпты. Айтпақшы, баспананы 100 ананың ішінен жағдайы ең төмен, көмекке мұқтаждары иемденген. Олар бүгін кілтпен бірге қолдарына үйдің құжаттарын да алды. Көздеріне еріксіз жас алған аналар ботадай боздап, жақсылық жасағандарға алыс айтты.
«Осындай жобаларда алаяқтар өте көп. «Мен мұқтажымын, менің жағдайым жоқ» дейді, бірақ біз олардың әрқайсысын тексердік. Іріктеу өте қиын өтті. Шынымен, құрсағында 9 айлық баласы бар бір келіншекті көлік жуатын жерден таптық. алдық. Ол жүкті болса, осындай ауыр жұмыс істеп жүрген. Амалы жоқ. Қалада тұра алмайды. 5-6 баласы бар», – деді қайырымдылық қордың жетекшісі Асхат НҰРМАШЕВ.
«Бейсенбі күні көшіп келеміз бұйырса. Екі ұл, үш қызым бар. Енді ұлдар мен қыздардың бөлек бөлмелері болғаны дұрыс қой», – дейді қуанышы қойнына сыймай әрі үйдің өзінікі екеніне сене алмаған ана.
Бұл – үйлі болған Алматы облысының тұрғыны Қарлығаш Нұрғожаеваның ендігі жоспары. Бес баланың анасы 25 жыл бұрын Талғар қаласына көшіп келген. Содан бері пәтер тауқыметін тартып келеді. 39 жастағы келіншектің сөзінше, баспананы жалға берушілер әсіресе көп баланың болғанын жақтырмайды. Оған қоса, ай сайын зырғып жететін пәтерақы қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Баспаналы болған келіншек жуық арада мүгедекке шалдыққан үлкендерін емдетпек.
«Балалардың денсаулығы жоқ. Пәтерде жүріп, дәрігерге қаратуға мүмкіндік болмады. Енді бұдан былай балалардың денсаулығымен айналысамын деп ойлаймын. 35-40 мыңға пәтер жалдап, 25 жылдан тұрып келе жатырмыз. Енді бүгін баспаналы болғанымызға қатты қуаныштымыз», – дейді Қарлығаш НҰРҒОЖАЕВА.
Баспананы салуға қайырымдылық қорлардың 4 айға жуық уақыты кетіпті. Енді алда күз бен қыс келе жатқандықтан, ендігі кезекте дайын пәтерлерді сатып алып, көпбалалы отбасыларға сыйлау жоспарларында бар.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы