Алматыда жыл басынан бері көліктен шыққан зиянды қалдық нормадан асқан 720 көлік анықталып, жүргізушілерге айыппұл салынған. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар шамадан тыс түтін мен газ шығаратын машиналардың кесірі адам денсаулығына кері әсер етеді деп дабыл қағып отыр.
Тәртіп сақшысы алдымен жеңіл көлікті тоқтатты. Нәтижесінде машинадан шыққан түтіннің ауаны ластау деңгейі жоғары болып шықты.
«334-бабтың 1-тармағы бойынша 10 АЕК айыппұл салынады. Екінші рет қайталанған жағдайда 20 АЕК айыппұл салынады», – деді Түрксіб ауданы полиция басқармасы патрульдік полициясының испекторы Жандос Жұмақанов.
Осылайша, темір тұлпарға отырғанына 6 айдан енді асқан жүргізушіге айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары автокөлігін тағы бір мәрте техникалық тексеруден өткізуге кеңес берді. Кейіннен мамандар 2007 жылғы машинаны тоқтатты. Ауаны ластау деңгейі талапқа сай, қате жоқ екені белгілі болды.
«Жыл басынан бері 720 көліктің негізгі нормаға сай еместігі анықталып, айыппұл салынды. Мұндай жағдайлар жылы ескі көліктерде көп кездесіп жатады. Машинаны техникалық тексеруден өткізуге салғырт қарайтындар бар. Десе де, бұл маңызды. Ауаға зиянды қалдықтар бөлінуі адам денсаулығына кері әсер етеді. Сол себепті қаладағы барлық көлік жүргізушісіне машинаны уақытылы қаратып тұруды сұраймыз», – деді қалалық Полиция департаменті патрульдік полициясының рота командирі Михаил Кан.
Одан бөлек, Алматыда зиянды заттар шығаратын көлікті көшеде автоматты түрде анықтайтын "Экосергек" жобасы да іске қосылған болатын. Отандық құрылғы өз бетінше айыппұл жазбайды. Нормадан көп зиянды газ бен түтін шығарған автокөлікті суретке түсіріп Полиция департаментінің орталығына жібереді. Кейіннен тәртіп сақшылары көлікті мемлекеттік нөмір арқылы тексеруден өткізеді. Бұл әзірге пилоттық жоба. Камераның игілігі мен пайдасы көп болса қаланың барлық аймағына орналастыру көзделген.
Ұлағат Арғын, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы