Биыл алматылықтар тарапынан «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы арқылы 1251 жобалық ұсыныс түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Әсіресе Алатау ауданының тұрғындары аталмыш бағдарламаға осы жылы да белсене қатысты. Олардың тарапынан 204 ұсыныс түсіп, өтініш білдіушілер тізімінде көш бастап тұр, деп хабарлайды тілшісі.
Алатау ауданында 2019 жылдан бері «Халықтың бюджетке қатысуы» арқылы 28 жоба жүзеге асқан. Басым бөлігі балаларға арналған спорт және ойын алаңдары. Сондай-ақ қыркүйек айының соңына дейін тағы 36 жоба ашылып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып жатыр. Бұл жаңалыққа бәрінен бұрын балалар қуанып жүр.
«Балаларға жақсы болды. Қазір Шаңырақта ойын алаңы көбейіп, балалар қуанып шаттыққа бөленіп жүр. Доп ойнауға күнде келеміз. Кешке 2-3 сағат ойнаймыз», – деді қала тұрғыны Сырым Асқар.
«Демалыс уақыты жақсы өтіп жатыр. Осы жерде достарымыз бәріміз бірге ойнаймыз. Бұл жақта тағы да ойын алаңы салынса жақсы болар еді. Волейбол мен баскетболға арналған алаңдар болса екен», – деді қала тұрғыны Ислам Қабылбаев.
Шаңырақ-2 шағынауданында тағы бір ойын алаңы салынып жатыр. Оған мемлекет тарапынан 47 миллион теңге қаржы бөлінген. Құжатқа сәйкес жоба құны өткен жыл 58 миллион теңгеден аспаса, биылғы көрсеткіш – 62 миллион теңге.
«Биылғы жобалардың басым бөлігі бос кеңістікте, кезінде қоқыс жиналып қалған, шөп өсіп кеткен жерді көріктендіру ісіне арналды. Балаларға арналған футбол, баскетбол алаңы салынып жатыр. Халықтың өзінің сұрауына байланысты 36 жоба балаларға арналған. Бұл жерде халық өздері таңдап, дауыс беріп сол жобаны ұсынған болатын», – деді Алатау аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Мырзатай.
Айта кетейік, алматылықтар тарапынан 2019 жылы аталмыш бағдарлама аясында 333 ұсыныс түссе, 2020-да 795, 2021 жылы 934, биыл 1251 жоба конкурсқа түскен.
Мерей Қанапиянов, Жақсылық Тілепберген, Санжар Ерік, «Алматы» телеарнасы