Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары таяқ тастам жердегі мектепке бару үшін бірнеше көшені айналуға мәжбүр

16.04.2019 00:05

Өйткені, мектепке тікелей баратын жолды жауып тастаған

«Мектепке жету – мұң болды». Алматының Наурызбай ауданындағы тұрғындар осылай деп шағымданды. Олар балаларын тура үйлерінің түбінде тұрған білім ордасына апара алмай әлек деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өйткені, мектепке барар Төлебеков көшесі жабық. Салдарынан оқушыларға күндіз-түні камаздар жүйткіп жатқан Кареьер көшесімен жүруге тура келеді.

«Осы үйді алған кезімізде төмен жақта жол болатын. Облысқа, яғни Қарасай ауданына қарайтын кезде жол болды да, қалаға қосылғаннан кейін жолымыз жоқ болды. Әрбір үйден 2-3 баладан мектепке барады. Мектеп тиіп тұр, дәл артымызда. Алайда, жолдың жоқтығынан айналуға тура келеді. Ең болмаса жаяу апаратын бір аяқ жол болса да салып берсе екен», - дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Айгүл ЧЕНТЕМИРОВА.

Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған халықтың мәселесі шешіле ме, жоқ сол күйінде қала ма, бұл сауалға бейсенбі күні 19:30-да Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғаев тікелей эфирде «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Наурызбайлықтар мазалаған сұрақтарын қазірден бастап «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып немесе тікелей эфир кезінде WhatsApp мессенджеріне жолдай алады.

Теги: вопросы