Құрылысқа қажетті тас шығаратын кәсіпорын көптен бері елдің есін шығарған. Олар жер телімін алып, баспанаға қол жеткенде шын қуанған. Енді жақын жердегі зауыт жайлы өмір сүруге кедергі келтіріп жатыр дейді. Олар зауытқа қатысты сан мәрте шағым тастағанымен, мәселе шешілмей келеді. Күні кеше қала әкімімен кездесуге келген наурызбайлықтар проблеманы тағы көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тақырлап, ұйқы бермейді. Ыстықта терезені ашып ұйықтайын десең, шаң кіреді. Қала берді қатты даусы тағы бар», – дейді тұрғындардың бірі.
«Түнімен сақырлатып ұйқы бермейді. Шаңды көтереді. Мысалы, осы жерде аймақтарда тұратын адамдардың балалары осы шаңды жұтып жатыр. Күндіз КАМАЗ-дар қатты жылдамдықпен жүреді. Балаларды қағып кете ме деп қорқамыз», – дейді келесі бір тұрғын.
Бұл маңда бір минутта құлаққа тыныштық жоқ. Тас таситын көліктердің көптігі сонша бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Ал дамылсыз уақытқа қарай жұмыс істейтін кәсіпорынның кесірінен күндіз күлкіден, түнде тыныш ұйқыдан айырылдық дейді. Әсіресе, жаз мезгілінде терезе аша алмай әбден қиналдық деп отыр.
Бұл – көлемі үлкен тастарды үгітіп, құрылысқа қажетті материал дайындайтын мекеменің дәл жанында тұрған үйлердің бірі. Отбасының осында көшіп келгеніне биыл үшінші жыл. Содан бері өз үйімізде емін-еркін жүре алмаймыз деп налиды. Оған қоса, тасты үгітетін ауыр техниканың кесірінен, баспананың қабырғасына бірнеше жерден сызат түскен. Тіпті үйдің іргетасы біртендеп опырыла бастапты. Себебі, құрылғының күштілігі сонша жер сілкінгендей күй кешеміз дейді.
«Үйіміздің сыртының бәрі жарық. Камаздар қатты жүреді. Жүктері көп қой. Ішінде тас бар. Құм бар. Үйде отырамын балалармен. Үйдің іші де жарылып кеткен. Биыл жөндедік. Терезе аша алмайсың. Қара шаң кіреді. Күні бойы шаң сүртем де отырамын» – дейді Алмагүл ШӨЛМЕНОВА.
Бәріміз ұсақтағышты төменге түсірсін деп арыз жаздық. Түнімен поезд тоқтамай жүргендей, тіпті соғыс болып жатқандай, автомат атқандай дыбыстар шығады. Қала берді шаңның бәрі біздің үйге кіреді», – деді отағасы Мүслім ШӨЛМЕНОВ.
Есте болса, бұл мәселені күні кеше ғана қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуге келген аудан тұрғыны да көтерген еді. Проблема бәрімізге ортақ деген келіншек көптен бері оң нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқанын да ашына айтты.
«Мен Алмалы №1 саяжайынан келіп отырмын. Төлебеков көшесінде тұрамын. Сол жерде тұратын жандардың карьерге байланысты жан-айқайын сізге жеткізуге келіп отырмын. Біз қазір не күндіз, не түнде демала алмайтын жағдайға жеттік. Себебі, дүңкілдеген дыбыстан ұйықтай алмаймыз. Жер солқылдайды тіпті. Сол осы карьерді жабуға бола ма екен? Сол үшін қандай жұмыстар жүргізуге болады? Осыны шешіп берсеңіз екен», – деді тұрғын әкімге.
«Жабу туралы ойластырып жатырмыз. Қазір ол жерді екі кәсіпкер алған, бірақ өкінішке орай уақыты ұзартылды тағы да. 25 жыл болатын болса, қиындық туғызып тұр. Жабуға әрекет жасап жатырмыз», – деді Қарасай ауданы әкімдігінің мамандары бұған.
Ал қала әкімі Бақытжан Сағынтаев болса, сол күннен қалдырмай Алматы облысының әкімімен сөйлесіп, шешу жолын қарастыратынын айтқан болатын.
Кәсіпорын басшылығы біздің түсірілім тобын ішке қарай кіргізуден түбегейлі бас тартты. Кіреберістен қарсы алып, тек сұхбат беруге келісті. Онда да сөз алған өкіл бірден өздерін ақтауға кірісті. Бір бума құжат көрсетіп, зауыттың заңды түрде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Шу мен шаңның деңгейі белгіленген межеден аспайды деп міз бақпады. Ол түнгі уақытта уатқыш құрылғы қосылмайды, тұрғындар бізге жала жапты деп санайды.
«Біздің қолымызда тиісті органдардың зауыттың қызметін жүргізуге берген рұқсат құжаттары бар. Жанымыздан Ақсай өзені ағып өтетіндіктен, оны да қолдануға қажетті қағаздарды алғанбыз. Камаздардың дөңгелегін жууға арнайы орын қарастырылған. Асфальтты да өзіміз төседік. Зауыт құрылған тұста бұл маңда бірде бір үй болмаған. Қазір халық қоныстанып кетті. Оларға ешқандай қиындық туғызып отырған жоқпыз», – дейді «Карьер Ақсай» ЖШС бас технологы Анатолий ГРОШЕНКОВ.
«Осы Ақсай карьерін жабу туралы ағымдағы жылдың шілде айында Алматы қаласы мен Қарасай ауданы әкімдігінің мамандары кездесіп, 1-1,5 ай ішінде қандай шешім қабылдайтыны айтылды. Бізді хабардар ететіні жөнінде жеткізген болатын», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Асылхан ОРЫНБЕКОВ.
Әзірге тұрғындарға сабырлық танытып, біраз шыдауға тура келеді. Себебі, Қарасай ауданы әкімдігінің нақты қандай шешім шығарары әлі белгісіз.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы