Сұйылтылған газ бағасы қашан реттеледі – министр жауабы

04.02.2022 00:05

Сұйылтылған газды өндірудің өзіндік құны қазіргі бағасынан қымбат екенін шенділер де мойындап отыр

Almaty.tv

Сұйылтылған газды өндірудің өзіндік құны қазіргі бағасынан қымбат. Энергетика министрі Болат Ақшолақов бұл ақпаратты растады. Бірақ белгіленген 180 күннің ішінде жанар-жағармай сияқты сұйылтылған газдың да бағасын қалыптастыру жүйесі мен сату ережелерін реформалап шығуымыз керек дейді министр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Б. Ақшолақовтың айтуынша, сұйылтылған газдың нарық тізбегінде меншігінде газ құю стансасы мен газ жинақтау стансасы жоқ ойыншылар бар. Соған қарамастан газ тарату жүйесінде жүр.  

«Біз осындай ойыншыларды тізбектен алып тастайтын шығармыз. Яғни, тек нақты газ өндірушілер, газ құю стансалары немесе үйлерге қажет газды жинақтайтын стансалары бар ойыншылар ғана қалады. Бұл бізге тіпті, осы 50 теңгелік бағаның ішінде нарық тізбегіндегі қатысушылардың кірістілігін қайта реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, газды сатушылар мен өндірушілердің арасындағы табыс теңгерімі қайта қаралады. Негізі газ өндірушілердің табысы көбірек болуы керек. Өйткені біздің зауыттардағы сұйытылған газдың өзіндік құны тоннасына 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін», - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Жанармайды сыртқа шығаруға қатысты 180 күндік мораторий біткен соң да сол тыйым жалғасуы мүмкін дейді министр. Ал мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу жұмыстары егін науқанына кедергі келтірмейтіндей кесте жасалып жатқанын айтты.  

«Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жөндеу мерзімін 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылға жылжыту мәселесі бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал Павлордадағы зауытты жөндеу мерзімін биылғы маусым айынан шілденің ортасына жылжыту көзделіп отыр. Яғни, жөндеу жұмыстары көктемгі егіс аяқталғаннан кейін ғана жөндеуге жабылуы керек», - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.