Түсіндірме жұмыстарынан бөлек көпшіліктің өзінде де жауапкершілік болуы қажет. Екі жарым айдан кейін қайта ашылған Алматыдағы сауда үйлері мен қоғамдық тамақтану орындарына келушілер көп болды. Енді сауда саттық жасап, сырттан ас ішуге асыққандар да сақтық шараларын ескеру керек. Ал, киім бутиктері, сұлулық салондары, химиялық тазалау нысандары санитарлық талапқа сай ма? Almaty.tv тілшісі сауда кешендерін аралап көрді.
Алматылық кәсіпкер Исламбек Шәріпов тас түйін дайындалып, бүгін шағын киім бутигін қайта ашты. 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын кәсібі төтенше жағдай кезінде тұралап қалған. Оның сөзінше, халық әлі онлайн сатылымға үйренбеген. Көбіне тауарды көзбен көріп, қолмен ұстаған соң ғана сатып алуды құп көреді. Қайта кәсібін бастаған басшы жұмыскерлерін толықтай қорғаныс құралдарымен қамтыған.
«Әрине, бірнеше ай қатарынан жабық болдық. Ол кезде онлайн дүкен саласын дамытуға тырыстым. Бірақ бұл сатылымның тек 20 пайызын құрайды. Ал 80 пайыз түсім сатып алушылардың өздері келгенде ғана болады. Бутиктің екі жеріне санитайзер қойып, арнайы кезек күтетін сызық сызып қойдық. Саудагерлерге күніне жеткілікті мөлшерде маска мен медициналық қолғап беріп тұрамыз», – деді кәсіпкер Исламбек ШӘРІПОВ.
Ал бұл бірнеше ай үзілістен кейін жұмысын жандандырған тамақтану орны. Олар да ескерілуі тиіс талап-тілектерді назарға алып, кәсіптерін қайта бастады. Ең маңыздысы – келушілер арасында белгіленген ара қашықтық сақталуы керек.
«Біз айтылған барлық ережелерге құлақ асамыз. Оларды сақтау және келушілерден талап ету міндетіміз. Біз қонақтардың арасын бөліп қойдық. Бір үстелге адамдар келсе, келесіне ешкімді отырғызбаймыз. Осылай арақашықты сақтаймыз», – деді мейрамхана директоры Евгения ЛИ.
Сонымен қатар, ойын сауық кешендері сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс. Мәселен, мына 21 мың шаршы метрді құрайтын кешенде 100 шақты дүкен бар. Олар келушілермен қатар, саудагерлерге де бар жағдайды жасаған. Кіребестерге киімді дезинфекциялайтын бірнеше құрылғы, 10 шақты тепловизор орнатыпты.
Ашылуды асыға күткен ойын сауық кешендері дайындықты алдын ала жасаған. Мәселен, мынандай тепловизор орнатыпты. Ерекшелігі сол құрылғының егер де жақындасаңыз, бірден дене температурасын өлшейді. Және да масканың болуын тексереді. Мәселен, қазір тексеріп көрейік, міне көрдіңіз бе?! Маскасыз келген маған тыйым салынды.
БЛИЦ:
1. Қорғаныс шараларын сақтаймын. Ұзақ күттік шыны керек. Бүгін қазір азық-түлік алуға келген болатынмын. Сауда орталығы ашылғанын көріп қуанып жатырмыз..
2. Досыммен киім алу үшін келдім. Күттік ғой енді. Үш ай болды ма, екі жарым ай болды ма, үйде жаттық.
Алайда ойын-сауық кешендерінде фудкорт пен балалар көңіл көтеретін аймақ істемейді. Ашылған нысандар тазалық шараларын қатаң ұстануға міндеттелді. Күніне бір рет ғимарат іші дезинфекцияланады. Ал қызметкерлер мен келушілеріне бөлек кіру-шығу есігі дайындалды.
«Аудит келіп тексергенде-ақ барлығын дайындап қойдық. Жиі-жиі дезинфекция жасап тұрамыз. Келушілердің дене қызуы көтерілсе, ішке кіргізбейміз. Барлық бутиктерде ара қашықтық сақталады. Қосымша клининг компанияны жалдадық. Медициналық пункт те бар», – деді ойын-сауық орталығы маркетинг бөлімінің басшысы Сергей КИМ.
Бұдан өзге, Алматыда 16 халыққа қызмет көрсету орталығы да ашылды. Әзірге 1500-дей қызметкер жұмысқа шыққан. Сондай-ақ, 400 шақты қонақүй бүгіннен бастап мейман қабылдай алады. Бірақ спа, бассейндер мен жаттығу залдары жабық. Айта кетейік, бүгін қоғамдық тамақтанудың 3100 нысаны жұмысын бастады.
Жадыра Омаржан, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы