Алматы облысының тұрғындары жолды жауып тастады

06.08.2022 00:06

Олардың басты талабы – жолды жөндеу

Тас жолдың жоқтығына жылдар бойы шыдап келген Алматы облысындағы Жамбыл ауылының халқы бүгін бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жол керек» деп ұрандаған жұрт о баста Жамбыл ауылының кіреберісінде жиналды. Кейін Алматы Нұр-Сұлтан көлік дәлізіне қарай жылжыды. Арасында бала-шағасын да ертіп алғандар болды. Осылайша олар күре жолды жауып, наразылығын жеткізді.

Тұрғындардың басты талабы – жолды жөндеу. Олардың айтуынша, Жамбыл ауылындағы Бейбітшілік көшесі жаңбыр мен қар жауса лай-батпақ болып, көлік тұрмақ, адам жүре алмай қалады. Ал жұрт талабын ауыл әкімі бірнеше рет естісе де ештеңе өзгермеген.

«Мен көпбалалы анамын. Маған қиын. Балаларым мектепте оқиды. Аяқ киімнен аяқ киім қалмайды. Қымбатын алып береміз, бірақ бір жылға жарамайды. Бір үйде 3-4 бала оқығаннан кейін, қаражат жетпейді», – деді Жамбыл ауылының тұрғыны Жулия Дүйсенова.

«1960 жылдан бері осында тұрамыз. Осы үйде. Мына жолды ешкім жөнденген жоқ. Өзіміз бірінші рет келгенде ақша шығарып, тас төктік. Жастар келгеннен кейін, тағы ақша жинап, тас төкті. Бір адам келіп қарамайды. Әкіміміз бір жыл тұрса, екінші жылы кетіп қалады»,– деді Жамбыл ауылының тұрғыны Мақпұрат Әзизова.

Ал Қарасай ауданы әкімдігінің өкілі асфальт жол төсеуге өтінішті облысқа жолдадық дейді.

«100 кмден асатын жолдың жобасы дайындалған. Соның ішінде Жамбыл ауылындағы Бейбітшілік көшесі де бар.Бүгінде қажетті құжат, жоба дегендерді жасап қойғанбыз. Облысқа өтінім жолданды. Қаражат қалай бөлінеді, солай жасалады», – деді Қарасай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев.

Бүгінде қоқыс басқан бұл жерге былтыр тұрғындар балалар алаңын салғысы келген. Сол кезде ауыл әкімі де қарсы болмаған. Алайда іске кірісер сәтте бұл жердің жекеменшік екені анықталған.

«Әкімнің бізге рұқсат берді. Біз 4 рет бардық. Каждый адам 20 мыңнан берді. Баламыз үшін деп. Міне, енді келді де жердің қожайыны табыла қалды», – деді Жамбыл ауылының тұрғыны Салтанат Майбасарова.

Жамбыл ауылындағы екінші мәселе ойын алаңына қатысты. Тұрғындар бүлдіршіндер ойнайтын алаң да тапшы деп  отыр.

«Округімізде 4 ауыл бар. Оларды кішігірім ойын алаңымен қамту керек болып тұр ғой.  Кезең-кезеңімен келе жатырмыз. Ұлан, Қошманбет ауылы қалды. Кейін енді халықтың сұрауы бойынша, қаражат бөлінсе, екінші ойын алаңын салу ойда бар», – деді Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Жақсылық Шегетаев.

Әкімдік өкілдері қос мәселе қаражат бөлінсе шешім табады деп қысқа қайырды. Күтуден мезі болған ауыл тұрғындары болса, жол мәселесі қыркүйекке дейін шешілсін деген талап қойды. Ал қаражаттың қашан бөлінетіні әзірге белгісіз.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеранасы