Жамбыл облысында бүтін бір ауыл қыс түсер шақта газсыз қалды. Жергілікті биліктің «Биыл газ кіреді» деген уәдесіне сенген халық бар ақшасын жиып беріп, үйлеріне көгілдір отынның құбыры мен пешін кіргізген. Бірақ күн суығанда негізгі магистралдық желінің ауылға әлі кірмегені анықталып отыр. Ашынған жүзден аса тұрғын билік өкілдерін ортаға алып, талап қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жасы 70-тен асқан Төлеу Ақшабаева бұл қысты қалай өткіземіз деп алаңдаулы. Себебі бар жиғанын үйіне газ кіргізуге жаратқан. Енді міне, суық күнде суыт хабар естіген зейнеткер көмір алуға да шамасының келмейтінін айтуда.
«Қарызданып, енді газға бердік. Ең болмаса көмір түсіріп алатындай жағдайымыз болмады ғой. Біз желтоқсан айына дейін қалайда кіреді деп ойладық. Енді міне, көмір қымбаттап кетіпті. Кеше сұрастырсам, тоннасы 20-22 мың теңдеген болып кеткен. Оны тасу үшін жеке меншік көлік мына тұрған жерге 15 мың теңгемен әкеледі», – дейді Ақшолақ ауылының тұрғыны Төлеу Ақшабаева.
Қара суықта қабат-қабат көрпе жамылып, қалтырап отырмыз деген жұрт, кемі 330 мың теңгеден бастап 750 мың теңгеге дейін шығын шыққанын айтады. Кейбірі көмір жағатын пешін де шығарып үлгерген.
Әуелде әкімдік «пеш ауыстырып дайындала беріңдер» деп айтқанын жоққа шығармады. Ауқымды жоба жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс болған. Соған сүйендік дейді. Бірақ 3,1 млрд теңгн қаржының соңғы 680 млн теңгеден аса қаржысы бөлінбепті.
«Республикалық бюджеттің нақтылауы немесе қайта түзетуі қай уақытқа қояды, сол уақытта бөлінеді. Мен нақты мынадай уақытта деп жауап бере алмаймын. Мен халықтың алдында айттым ғой, қолдан келген барлық жұмысты атқарамыз», – деп жауап берді Жамбыл облыстық Энергетика және ТҮКШ басқарма басшысының орынбасары жанәділ айтбеков.
Жауаптылар Үкіметтен қаржы бөлінсе, жұмысты бір күнде бастап кетеміз дейді. Дегенмен, соңғы 3 шақырымды тартып, ауылға қосудың машақаты мол болып тұр. Себебі құбырларды алдымен Қазақстан – Қытай және «InterGaz» магистральді желісінің астынан қазып өткізулері керек. Одан соң Батыс Қытай – Батыс Еуропа тасжолы мен теміржолдың да астын қазады. Тек содан кейін ғана ауыл тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді екен. Ал ауылдағы ағайын облыс билігіне 10 желтоқсанға дейін уақыт беріп, талап қойды. Егер газ кірмесе, күрежолды көліктерімен жауып тастамақ.
Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан