Елордада 500-ге жуық үлескер 8 жылдан бері армандаған пәтеріне қол жеткізе алмай келеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Нұржан Құлсатаев бүгін қоныс тойын тойлауы тиіс еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада 500-ге жуық үлескер 8 жылдан астам уақыттан бері өздерінің армандаған пәтеріне қол жеткізе алмай келеді. Себебі салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысы бітпей жыр болған. Алайда, 4 жылдан кейін үлескерлердің ақшасын жымқырған компания басшысы темір тордың ар жағынан бір-ақ шығыпты. Содан бері тұрғын үй құрылысы бір компаниядан келесі компанияға өтіп жүр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Анар Қанаттың бейнематериалында.

Нұржан Құлсатаев бүгін қоныс тойын тойлауы тиіс еді. Алайда ол алатын тұрғын үйдің қазіргі жағдайы мынадай. Баласына осы жерден 1-бөлмелі пәтер алып беру үшін 2012-2013 жылдары алдын ала 40 мың доллар қаражат салдым дейді. Алайда сол пәтерге қолы жетпей жүргеніне 8 жылдың жүзі болды.

«Көңілден шықпай тұр істеп жатқандары. Көктемде бір келдім, күзде тағы келдім. Сол беті тұр. Әйтеуір, баяғы жартас сол жартас. Сол тұрған бір кран әлі тұр. Орнынан қозғалмады», – деді қала тұрғыны Нұржан Құлсатаев.

«Садовые кварталы» деп аталатын тұрғын-үй кешенінің құрылысын бастаған компания бастапқыда тиімді бағамен пәтер беруге уәде еткен. Себебі аталған компания сол уақытта беделді құрылыс ұйымдарының бірі болыпты. Сол себепті салымшылар барлық ақшасын қорықпай төлеген көрінеді. Бірақ бірнеше жылдан кейін мекеме істі болып, қамауға алынған. Ал, одан бері не ақша, не баспана жоқ. Салымшылар сан соққан.

«Бұл жерде әлі де шешілмеген мәселе бар негізінен. Бұған дейін сына салымшылардың қаражаттары қайда кетті беймәлім. Екінші мәселе. Менің ойымша, шешілмеген бірқатар құқықтық мәселелер бар. Соның ішінде жер телімі бойынша да мәселе тағы бар. Бұл тұрғын үй кешені қай жерде баланста тұр ол да белгісіз», – деді қорғаушы Еркінбек Ұрымбаев.

Шағымданушылардың айтуы бойынша, құрылыс алаңында құрылыс қарқынды болғанымен, жұмыскерлер баяу жұмыс жасауда. Себебі 7 ай ішінде көп қабатты үйдің тек 2 қабаты ғана бой көтерген.

Қазіргі уақытта құрылыс орнында жұмыс жалғасып жатыр. Алайда компаниясы басшысы бір шаршы метрді арзандату үшін тұрғын үйдің жобасы қайта қаралатынын жеткізді.

«Бүгінгі күні объектіде келесі жұмыстар орындалып жатыр. Екінші қабаттың плитасын байлау, 2 қабаттың бағаналарын бетондау бөлігінде №2 19 қабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта басталды», – деді «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директорының орынбасары Жан Мырзағали.  

Құрылысты жандандырып жатқан компания бір жарым жылдан кейін үлескерлерге пәтер кілтін табыстауға уәде берді. Алдағы уақытта бұл тұрғын-үй кешенінің құрылысы қатаң бақылауда болады дейді елорда әкімдігі.

Анар Қанат, Данияр Омар, Ринат Фархат, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан

Новости партнеров