Қарағандылық үлескерлер үйге жете алмай жүр. Олардың екі жылдан бергі бас мәселесі – баспана. Үйдің құрылысы 6 айдан бері тоқтап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала орталығынан бизнес санатындағы пәтер аламыз деп алданған үлескерлер амалы таусылған соң құрылыс алаңына жиналды. Үлескерлердің айтуынша, дәл осы жерде жұмысын бастаған компания алғашында қыруар қаражатты елден жиып алған. Артынша мекеме басшылары қарасын көрсетпей кеткен. Зәулім үй болады деп күткен жер қоқыс алаңына айналуға шақ. Жүйкесі тозып, тіпті денсаулығы сыр берген көпшілік құрылыс компаниясының сәт санап қайталанатын сөзіне, бос уәдесіне сенуден қалған.
– Көзден де айырылдық. Ота жасаттым. Ашуланып жүріп, жүйкеден жүйке қалмады. Пәтер жалдап жүрміз. Немерелерім, қызым, күйеу балам бар, бір бөлмеде бес адам тұруға мәжбүрміз, – деді үлескер Ғайни Игілікова.
Тұрғын үй кешеніне жарнама жасап, үлескер тартқан компания да құрылысшыларға алданып қалған көрінеді. ЖШС өкілдері аудандық прокуратураға шағым түсірген. Бірақ алаяқтық бойынша қылмыстық із қозғалғанымен, еш нәтиже жоқ.
– Жердің иесінен сатып алған. Ақша толық төленбеген. Иесі кез келген уақытта жерін тартып алуы мүмкін. Қазір оларда ақша жоқ. Қаржы институттарына барып, ақша сұрайды, бермейді. Үлескерлер енді ақша салмайды, сондықтан бұларда ақша жоқ, – деді ЖШС заңгері Арман Жамбылов
Құрылыс компаниясы үлескерлерді тарту бойынша заңды бұзған. Ол үшін екі ай бұрын соттың шешімімен 30 айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл салынған. Ал жергілікті билік өкілі «бастаған жұмысты аяқтауға компанияда қаражат жоқ» дейді.
– Компания бұл жерді сатады, келісім жүріп жатыр. Жер қатынастар бөлімі, әкімшіліктің бақылауында болады, – деді Жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Данияр Сағымбаев.
Істі аяқсыз қалдырған компанияға алданған жұрттың мәселесі жаңа инвестор келсе ғана шешілетін болды. Алайда құрылыстың нақты қашан басталары белгісіз.
Қарағандыда құрылысы басталмай жатып, үлескерлердің ақшасын алатын компаниялар көбейген. Құжатсыз тұрғын үйдің құрылысын бастап кеткен жеті медігерге айыппұл салынды.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды
Оқи отырыңыз: Ауыл аманаты: Жамбылда кооперативтер субсидия қаржысынан қағылды