Жамбыл облысы Қордай ауданында мемлекет қаржысына салынған су жаңа жолдар жарамсыз болып шықты. Ауылдық елдімекендерді тас жолмен байланыстыруы керек болған мердігер жұмысын жүрдім-бардым жасаған. Сапасыз әрі жұқа асфальтты тексеруші мекемелер қайта сүргізіп жатыр. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толығырақ тарқатады.
Сапасы талапқа сай болмай шыққан Қордай ауданына қарасты Отар-Сұлутөр-Көктөбе бағытындағы автожол. Құны 302 миллион теңге болатын жобаға, мердігер 14 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізуі керек болған. Тас жол беті тақтайдай тегіс болғанымен, былықтың бәрі астында екен. Ұлттық жол сапа орталығының мамандары сынама алып, зертханалық сараптама арқылы талыптың өрескел бұзылғанын дәлелдеді.
«Тексердік. Асфальтті сараптамаға алдық. Өтпей қалды. Жабындыны, яғни 1,5 шақырымды толық алып тастау керек», – деді облыстық ұлттық жол активтері сапасы
орталығының инженері Қадіржан Мырзаев.
Сапамен қоса, асфальт қалыңдығы да көңілге күдік ұялатқан. 5 сантиметрден кем болмау керек жолға, 4 кей жерде одан кем салып жіберген. Мердігер ақауы бар жол тұстарын, ойып алып қырып тастаған екен. Бірақ мониторингтік топ мүшелерінің бұған да көңілдері толмады. Сондықтан олар ақау анықталған бөліктің барлығы сүріліп, жаңадан төселуі тиіс деген пікірде.
«Жамап тастау әрекеттері болуы мүмкін. Ықтимал. Біз енді толық айта алмаймыз. Қазір барлығын қарағанан кейін бірлесіп, алдағы уақытта осы жолдың барлығын алып тастап, түгел қайтадан салынуын қадағалайтын боламыз. Енді мердігер 1,5 шақырымдай жолды сүріп, жолды қайта салуы тиіс. Мемлекеттік тапсырысты жүйелі орындамаған жағдайда жоба қабылданбайды», – деді облыстық «Адалдық алаңы» кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы.
«Әкелген асфальтіміз сапалы болды. Енді осы тапсырушылардың айтқанын тапсырмаларының бәрін орындаймыз», – деді мердігер компанияның директоры Ержан Мұғалов.
«Ақауы бар жерлерді шамасына қарай, көлеміне қарай алған. Бірақ оны біз қолдап отырған жоқпыз. Мұның барлығы тек мердігердің өзінің қаражатынан болады. Ешқандай жұмыс қабылданған жоқ», – деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Досжан Жантелеев.
Облыста биыл жолдың жөнделуіне көңіл де қаржы да жақсы қаралды. Мәселен бір ғана Қордай ауданында 350 шақырым жол жасау ақша бөлінген. Дегенмен жолға қатысты 109 рет тексеру жүргізіліп, 300-ден астам сынама алынған. Нәтижесінде 25 құрылыс алаңында кемшілік анықталған.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан