Қызметі құрметке лайық аула сыпырушыларының жұмыс уақыты қайта қаралады. Қаңғыбас иттерді аулау шарасы барынша күшейтілмек. Ал бос жатқан аумаққа балаларға арналған спорт кешені салынады. Бұл мәселелер бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде талқыланды.
Алматы қаласы әкімі Әуезов ауданы халқымен кездесті. Жылы жүздесу Ақсай ықшамауданында орналасқан №132 гимназияда өтті. 200-ден аса тұрғын 2,5 сағат бойы микрофон алдына кезекке тұрып, көкейдегі сұрағын еркін қойды. Сауалдардың арасында қаңғыбас иттердің жайы бар.
«Тастақ шағынауданында қаңғыбас иттерді байқап жүрмін. Олар үлкенге де, кішіге де өте қауіпті. Әкімдік тарапынан осы мәселені кім бақылайды және қандай шара қолданылады?» – деді қала тұрғыны Гүлназ Сыдықова.
«Биыл жаңа техника алдық. Көлік жеткілікті. Жұмыс істеуге мүмкіндік бар», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Басқармада ветеринарлық қызмет бар. Өткен жылы Тастақ шағынауданында 107 ит ауладық. Қазір жұмысты жалғастырып жатырмыз. Алматы облысынан иттер келіп жатыр. Сол себепті де Алатау және Түрксіб ауданында жұмысты күшейтіп жатырмыз», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев.
Аула сыпырушы – құрметті қызметтің бірі. Қала әкімімен кездесуде осы мамандық иелері өздерінің жұмыс уақытын қайта қарауды сұрады. Олардың айтуынша, аудан әкімдігінің қарамағына өткелі жұмысқа деген талап та, тілек те өзгерген. Шаһар басшысы Ерболат Досаев аула сыпырушыларының жұмысын жоғары бағалап, шын көңілімен алғыс білдірді.
«Қазір сағат 8:00-17:00 аралығында жұмыста болуымыз керек. Әуезов ауданы аула сыпырушыларының атынан келіп отырмын. Бұрынғы жұмыс кестесін қалдырсаңыз, дұрыс болар еді. Жазда шаң болады. Таңғы 4:00-де келіп, ауланы сыпырамыз. Ал қыста үйге кетпей, қалып күреп тұрамыз», – деді тұрғын.
«Сіздер істейтін жұмыс өте маңызды. Тағы да рахмет айтамын. Егер сіздер ерте келіп, жұмысты ерте аяқтаймыз десеңіздер, жұмыс кестесін қайта қарауға тапсырма берейін. Жалақыны көтеру мәселесі де қарастырылуы керек», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Халық мегаполис басшысынан Әуезов ауданында бос жатқан жерді тиімді пайдалануды өтінді. Сол аумақтарға балаларға қажетті нысан салып беруді сұрады.
«Тастақ-1 шағынауданында жер учаскесі бар. Қазір ол жерде облыстан келетін таксистер тұрады. Онда спорт кешенін салуға уәде берген болатын, болашақта салына ма?», – деді қала тұрғыны Қарлығаш Рысбекова.
«Ол жерді мен де жақсы білемін. Спорт кешенін салу керек еді. Бірақ көршілеріңіз қарсылық білдірген көрінеді. Дегенмен, ақша бөленеді. Қаланың даму бағдарламасына енгізіп, балаларға арналған спорт алаңын саламыз. Келесі жылы құрлысты бастаймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесу 2,5 сағатқа созылды. Тұрғындар кемінде 2 сұрақтан қоюға мүмкіндік алды. Ал қалған сұрақтарды жазбаша қалдыруға жағдай қарастырылған, барлығына міндетті түрде жауап беріледі.
Жадыра Омаржан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы