|
19.12.2022 | 19:08
2085

Байланыс операторлары сапасыз интернет үшін айыппұл төледі

Туристік нысандар 2027 жылға дейін толығымен интернетпен қамтылады

Байланыс операторлары сапасыз интернет үшін айыппұл төледі Almaty.tv

Қазақстанда интернеті мен байланысы тым нашар операторлар 1 миллиард 264 миллион теңге айыппұл төлеген. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, ғаламторға жауапты компаниялар қомақты айыппұл төлеп қана қоймай, 700-ден астам базалық станция орнатқын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Үкімет сағатында цифрлық даму министрі Бағдат Мусин депутаттардың алдында әбден терледі. Мәжілісмендер кезек-кезек сұрақтың астына алып, шенеунікті тығырыққа тіреді. Алғашында Бағдат Мусиннің баяндамасы жақсы басталған еді. Нашар интернет үшін байланыс операторларына миллиардтаған айыппұл салдым деп мақтанғандай болды. Баяндама оқылып біте салысымен сұрақтар сериясы басталды. Мектептегі ғаламтор жылдамдығы тасбақаның жүрісі сияқты деген депутат Юлия Кучинская осындай жылдамдықпен оқушылар планшетті қалай қолданады деген мәселені көтерді.

«Негізі, бюджеттен мектептегі интернетке қаражат бөлініп жатыр. Мысалы, ақша 20 мегабитке берілсе, оны мектеп директоры үнемдеп 8 мегабитке төлейтінін анықтадық. Енді осындай жағдайлар қайталанбас үшін жергілікті әкімдіктерге мектеп ішінде бірнеше Wi-Fi роутер орнатылуын қадағалауды тапсырдық», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Депутаттар мектептердегі интернеттен бөлек, елді мекендердің ғаламторы туралы сауал қойды. Әр сұраққа ұзақ жауап берген министрдің қылығы депутат Еділ Жаңбыршиннің шамына тигендей. Кезегі келгенде министрге «басымызды айналдырмай нақты жауап беріңіз» деп қойып қалды.

«Сіз асықпай, аптықпай қысқа әрі нұсқа жауап беріңіз. Уақытымызды алмаңыз. Ешкім ойнап отырған жоқ. Сондықтан нақты сұраққа нақты жауап беріңіздер. Басын бастайсыздар, аяғы жоқ», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин

Дәл осындай ескертпеден кейін депутат, туризм инфрақұрылымдардағы байланыс туралы сұрақ қойды. Яғни, түрлі қорықтар мен ұлттық парктерде байланыс жоғын айтты.  Адам ауырып, көлік бұзылғанда көмек шақыра алмайды.

«Туристік нысандар 2027 жылға дейін толығымен интернетпен қамтылады. Яғни, ұлттық жоба талқыланып бекітілген болса, қаражат берілетін болса, туристік нысанның барлығы интернетпен қамтамасыз етілетін болады», – деді Бағдат Мусин.

Мәжіліс депутаттары екі жарым сағат бойы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинді сұрақтың астына алып, бірнеше рет сынап алды. Мәжілісмендер жауапты ведомстваға барлық салада байланысты ретке келтіріп, интернет жылдамдығын жеделдетуді ұсынып отыр. Жиынға қатысушылар ертең кешке дейін экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне өз ұсынысын жеткізетін болды.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир