Қарғалы өзені арнасына түсті: қала әкімі Алматы үстіртіндегі көлдерді тікұшақпен шолып қайтты

Қарғалы өзені арнасына түсті:  қала әкімі Алматы үстіртіндегі көлдерді тікұшақпен шолып қайтты
Тұрғындардың да үйлеріне қайтуына рұқсат етіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таң атпай сел қаупін тудырып, төтеншеліктерді аяғынан тік тұрғызған өзеннің ағысы бәсеңдеді. Ал үрейленіп, қауіпсіз жерге қашқан тұрғындар қазір қайта үйлеріне келіп жатыр. Ал, мамандар барлық қауіпсіздік шарасы бұған дейін де жасалып, жағдай ұдайы бақылауда болғанын жеткізді. Дегенмен, қала әкімі Алматы үстіртіндегі көлдердің суын өзі тікұшақпен тағы бір мәрте қадағалап келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төтенше жағдай бүгін таңғы сағат 6-лар шамасында жарияланды. Қарғалы өзеніне құятын таудағы №1-ші көл жарылып, жерасты каналдары арқылы 20 мың текше метр су қалаға қарай лап қойған. Сондықтан Қарғалы өзені арнасынан асып, сел жүру қаупі туындады. Бұдан кейін төтеншеліктер дереу жақын маңдағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге кірісті.

«Төтенше жағдай қызметінің мамандары келіп, әр қақпаны қағып, сел қаупі бар екенін айтты», – деді бір тұрғын.  

«Судың көбейгенін байқадық, өйткені кеше кешкісін өзенге түскенде су арнасынан асып жатқан болатын. Сосын лайланып, таси бастады», – деді келесі тұрғын.  «Эвакуация болатынын ескертті. Су тасқыны болуы мүмкін деген соң, біз құжаттарымызды жинап, дайын отырдық», – дейді  тағы бірі.

«Алдында болған сел сияқты емес. Қазір бәрін алдын ала дайындап, бәріне хабарлама жүргізді», – деді тұрғын.

Тұрғындарға үйлерін уақытша қалдыруға кеңес берілсе де, көп адам баспаналарын айналшықтап алысқа ұзай алмады. Тек бірен-саран адам ғана қолдарына шағын сөмкелерін алып, балаларын жетектей қалаға қарай кетіп жатты. Көшірілген адамдарды қабылдау үшін Наурызбай ауданында 3 эвакуациялық пункт ашылды. Бірақ орталыққа келген адам көрінбеді. Ал өзендегі бөгеттің жанында арнайы штаб құрылып, мамандар судың ағысын қырағы көзбен бақылап тұрды. Көлдің жарылуы себебінен Қарғалы өзеніндегі су деңгейі 5 текше метрге көтеріліпті.

«Біз 6 маусым күні тікұшақ арқылы аэровизуалдық тексеріс жасаған кезде көлдің деңгейінің көтеріліп келе жатқанын байқаған болатынбыз. Бұл көл 2015 жылы жарылып кетіп, Алматыға сел қаупін тудырған болатын. Сол көлдің деңгейінің көтерілуіне байланысты біз 7 маусымнан бастап ол жерге алдын-ала жұмыстар жүргізіп кеттік. Біз батиметриялық есеп бойынша ол көлде 77 мың текше метр су болса, біз соны насостар арқылы экскаватор көтеріп ол жаққа, көлдің деңгейін төмендетіп 3,5 метрге дейін 42 мың текше метр суды көлден босаттық», – деді «Қазселденқорғау» ММ қалалық басқармасының басшысы Самат ДӘУЛЕНХАНОВ.

Мамандардың айтуынша, су деңгейінің күрт көтерілуіне күннің ысуы себеп болған. Табиғат таң атпай шәлкез мінез танытқан соң, қала әкімі де шұғыл түрде өзен маңына келді. Бақытжан Сағынтаев жағдайға қанығып, арнайы техника мен төтеншеліктердің жеткіліктігіне көз жеткізді. Артынша қауіп төндірген бірінші көлдің ағысын тікұшақпен тексеріп шықты. Қазір аталмыш көлде тек 15 мың текше метр су қалыпты. Бұдан қалаға келер қауіп жоқ дейді төтеншеліктер. Оның үстіне Қарғалы өзенінің бастауындағы бөгет 1 млн 200 мың текше метрге дейін суды ұстап қалуға қауқарлы.

«Мамандардың айтуы бойынша платинаға дейін 22 шақырым. Әдетте ол 1 сағаттық жол, ал су екі сағатта келеді. Яғни оның жылдамдығы төмен, көлемі аз. Сол себептен ішінде тасы жоқ, жай лайланған су. Мына көлден ағып шығып жатқан су тоқтады. Сол атқарған жұмыстардың әсері, қиын жағдайды болдырмай, алып қалдық», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Дабыл берілгенде тұрғын үйлер жарықтан ажыратылып, ауыз су мен газ бірден өшірілген. Жағдай тұрақтанған соң барлық коммуникация қайтадан іске қосылды. Бірақ дәл осы өзен арқылы ауыз су тұтынып отырған халыққа қиындық туды. Су лайланып, ішуге жарамсыз болып қалды. Соған қарамастан, елді тіршілік нәрінен тарықтырмаймыз деді шаһар басшысы. Бұл үшін барлық күш-жігер жұмсалмақ.

«Қазір біздің бүкіл водоканалдың басшылары қаладағы су тасығыш көліктердің барлығын бір жерге жинатып, сол жердегі елдімекеннен қай жерге, кімге қанша су керек, әзірше сол көліктер арқылы су жеткізіп отыратын боламыз. Негізгі қызмет көрсету қызметінің барлығы жұмыста», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Қазір өзеннен лайсаң су ағып жатыр. Дегенмен мамандар алдағы 1-2 сағаттың көлемінде су тұнып, тазарады деп сендіріп отыр. Сондай-ақ қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың да кешке дейін үйлеріне қайтуына рұқсат етіледі. Жарғақ құлағы жастыққа тимейтін төтеншеліктер алдағы уақытта да қаладағы өзен-көлдердің су деңгейін қатаң бақылауға аламыз дейді.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров