Әкімдік өкілінің айтуынша, сауда орыны заңсыз жұмыс істеп келген
Астанада 30-дан астам саудагер сарышұнақ аязда, шіліңгір шілдеде нәпақасын тауып отырған орнынан айырылып қалды. Бүгін кәсіпкерлер елордадағы Шапағат базарының алдына жиналып, наразылық білдірді, деп хабайлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Шапағат базарының маңы. 33 саудагер 5 күннен бері жұмысқа шықпаған. Өткен аптада жергілікті билік жөндеу жүргізетінін айтып, олардан жұмысты уақытша тоқтата тұруды өтінген екен. Ал бүгін мұнда мүлде сауда жасамайтынын жеткізіпті. Мұнымен келіспеген көпшілік дәл осы жерден күніне 4-5 мың теңге болса да табыс табатынын айтады. Оның өзінде тауарды таңертең қарызға алып, кешке жұмыстан кейін қайтарады екен.
– Нан-пұлын ғана табамыз. Қалтамызда миллион болса, кез келген жерден 150-200 мыңға жалға алатын едік. Әкімдік орын беретінін айтты. Әйелдер барып, ЖСН-ді айтып кеттік, сол арқылы кімнің қандай жағдайда отырғанын көруге болады, – деді саудагер Айгүл Жусина.
Бүгін жиналғандардың дені – жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасылар. Олар мұнда киім сататын, жеміс-жидекпен сауда жасайтын. 5 күннен бері табысынан айырылған кісілер қарызға белшесінен батқан.
– Сауда орнын карантин кезінде берген, аяқасты тартып алатынын білмедік. Қазір қарызбыз, – деді саудагер Жазира Айнабекова.
Көп ұзамай саудагерлер жиналған жерге Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары келді. Кәсіпкерлерден жөндеу жұмыстарын аяқтағанша 5 күн уақыт сұрағанын растап отыр. Тіпті, 5 күнге микроқаржы ұйымынан алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін есептемеуге дейін келісіп беріпті. Оның айтуынша, ауда орыны заңсыз жұмыс істеп келген. Енді нәпақасынан айырылғандарға жергілікті әкімдік қаладағы басқа базардан орын тауып беретінін айтты.
– Әкімдік өкілдері өзге сауда орындарымен сөйлесеміз. Саудагерлерге орын тауып, қолдаймыз. Алты ай немесе бір жыл жалға алған орынның ақшасын төлеуден босатуға тырысамыз, – деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Елдар Томашов.
Елдар Томашовтың айтуынша, бұл жерде сауда жүргізуге маңайдағы тұрғындар қарсы болған. Оның үстіне, мұнда оған тыйым салынған екен. Қазір бұл орын абаттандырылып, жүргіншіге ыңғайлы жағдай жасалып жатыр. Ал жиналған 30-дан астам саудагердің мәселесі алдағы уақытта шешілмек.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Таразда кальян шеккен 38 адамға айыппұл салынды