ҚР Энергетика министрі жылу тарифтерін көтеру қажеттігін түсіндірді

07.04.2023 00:19
Almaty.tv.

«Елімізде электр энергиясы қымбаттайды немесе Екібастұздағыдай жағдай қайталанады», су жаңа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осылай дейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Cөзінше, тозығы жеткен жылу орталықтарын жөндеу үшін тарифтерді көтеру керек.

«Энергетика саласындағы құрылғылардың тозу деңгейі орташа есептегеннің өзінде 66%-ды құрап тұр. Бұл өте нашар деңгей. Әрине, әр өңірде жағдай әртүрлі. Астанада қиындықтар болмағанымен, солтүстікте мәселе бар. Оған қаржыландырудың аздығы, инвестицияның құйылмауы, тарифтің жетпеуі, бақылаудың болмауы себеп», – дейді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Министр айтқан мәселелерді шешу үшін елдегі жылу тарифі кем дегенде 25%-ға, ал электр энергиясы 15%-ға көтерілуі мүмкін. Алайда ведомство басшысының айтуынша, соңғы баға аса қымбат болмайды. Мысалы, бір адам коммуналдық қызметтер үшін айына 15 мың төлесе, соның үстіне ары кетсе 1500 теңге қосылуы мүмкін дейді.

«Біздің тарифтер отын бағасына қарай өзгереді. Қазір ол қымбаттап жатыр. Көмір, газ, мазут сынды өнімдердің бағасы шарықтап тұр. Осының бәрі электр мен жылу энергиясын өндіру құнына әсер етеді. Шынын айтсақ, қазіргі тариф шығындарды өтемейді», – дейді «Алматы электр станциялары» АҚ экономика және қаржы бойынша басқарушы директоры Әсел Арғымбаева.

Елдегі жылу электр орталықтарының барлығы дерлік өткен ғасырда салынып, ұзақ уақыт қолданыста. Энергетика министрі жуырда елдегі барлық жылу желілерін өз көзімен көріп қайтатынын айтты.

1-Алматы жылу-электр орталығы алғаш рет 1935 жылы тоқ беріп, содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Жылумен де қамтамасыз етіп отыр. Алайда мұндағы құрылғылардың 78%-ы тозған. Қызметкерлердің айтуынша, қазандықтардың ең жаңа дегені 1960-жылдары орнатылған.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, жылу желілерін енді жергілікті әкімдік емес, Атом және энергетикалық қадағалау комитеті бақылайды. Орталықтарды мемлекет меншігіне қайтару «ең соңғы қадам», бірақ әзірге ондай жоспар жоқ дейді.  

Оразай Нұртайұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы