Астаналықтар пәтеріне жертөледегі ақылы тұрақ арқылы кіруге мәжбүр

 Almaty.tv
Almaty.tv
Мергідер мекеме өкілі жоспарға сай арнайы қауіпсіз жол жасалады деп сендірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астаналықтар үйлеріне паркинг арқылы кіріп-шығып жүр. Қолданысқа берілгеніне жарты жыл болмаған кешеннің тұрғындары жертөледегі ақылы тұрақ арқылы қатынауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оңбай құлап, омыртқасын ауыртып алған Әлия үшін қазір жертөлемен жүру қиынның қиыны. Күні кеше тұрақтан шыға берістегі көк мұзда аяғы тайып кетіп, денесін жарақаттап алыпты. Жұрт енді ғана баспанаға қолым жетті дегенде осындай масқараны көріп жатырмыз деп налиды.

– Мен шілдеде көшіп келдім. Ең басында подъезд болған. Ойдағыдай жасалған, қауіпсіз, содан аула арқылы өтіп жүретінбіз. 2 аптадан бері паркинг арқылы кіреміз. Жол көк мұзға айналған, тұрақтың іші тас қараңғы, суық. Балаларға обал ғой, күнде осылай жүреді, – дейді қала тұрғыны Әлия Исабекова.

Баспаналардың қолданысқа берілгеніне жарты жылдан асқан. Келбеті келісті көрінген көпқабатты үйдің кіреберісі коммерциялық нүктеге берілген көрінеді. Соңғы екі аптада тұрғындар жертөледегі ақылы тұрақ арқылы қатынап жүр.

– Мына жер өте суық. Біз подъезден кіруіміз керек. Бар жағдайды коммерциялық дүкендерге жасап отыр. Сонда біз адам емеспіз бе? Ақшаға үйді сатып алдық, – дейді қала тұрғыны Ғазиза Хамзина

– Үш бөлмелі үй салқын. Ешқандай жағдай жоқ. Төрт балам бар, кіріп-шығу қиын, – деді қала тұрғыны Гүлжауһар Құлымбетова.

Тұраққа келетін көліктің де қарасы үзілмейтін көрінеді. Үйдегі ата-аналар қазір баласын жалғыз жіберуге қорқып қалған. Ал көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына жауапты компания өкілдері паркинг жайын тездетіп реттеп, мәселені шешетінін айтты.  

– Жоба бойынша кіру орындары паркинг арқылы қарастырылған. Қазіргі уақытта паркингтің құрылыс жұмыстары аяқталып, үйге кіру орындары жобасына сәйкес қайта жабылды. Уақытша кіру орындары коммерциялық үй-жайлардың бөлігі саналады. Ал коммерциялық үй-жайлар өз кезегін 10 жылға жуық күткен үлескерлерге тиесілі, – деді құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары Мақсат Тасболат.

Мердігер мекеме өкілі тұрғындардың тыныштығын алған тұрақжай мәселесі осы апта шешіледі деп сендірді. Жоспарға сай арнайы қауіпсіз жол жасалады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров