«Жүк көліктері ақылы жолдың ақысын төлемеу үшін ауыл ішін айналып өтеді». Осылай деген ауыл тұрғындарының айтуынша, қулығын асырған жүргізушілер бірнеше үйдің қорасын сүріп кеткен. Ал баланың амандығына алаңдаған ел ауыр техниканың ауыл арасымен өткеніне үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қоршауын қорғаштаумен күні өтетін азаматтың айтуынша, екі күннің бірінде шарбағы құлайды. Екінші топтағы мүгедек болғасын қайта-қайта жамай беруге шамасы келмейді. Тонналап жүк тиеген көліктер бұрылысқа сыймай қалатын көрінеді.
«Жүк көлігі салмағын өлшеп, ақша төлеуі керек екен. Құнын төлемеу үшін осы жақпен айналып өтеді. Ылғи осылай қоршауды бұзып кетеді. Көрішлер куә», – деді Әли ауылының тұрғыны Берік Қылышбеков.
«Ауыр көліктер жеңіл жол іздейді» деген соң, тар жолға тосқауыл қойып, жүргізушілерден себебін сұрамақ болдық. Ауыл ішіндегі зауытқа шикізат алып келген азамат 18 тоннаны тиеп алып, күніне үш мәрте өтетінін жасырмады.
«Бұл – үкіметтің салып берген жолы. Басқа жол жоқ немесе 17-18 шақырым Қапшағайдан айналып келу керек», – деді жүк көлігінің жүргізушісі Ербол Құлатаев.
Ал ауыл азаматтары «бақылау болмағасын берекеміз қашып, осындай бассыздық болып отыр» деп налиды. Олардың айтуынша, егер жол полициясы торуыл жасаса мұндай жағдай болмас еді.
«Қорқасың ғой, мен де қорқамын. Шал болсам да өмір сүргім келеді. Ұйықтап жатып, сыртқа шықсам бағана құлап тұр. Терезе сынды, қақпа құлады, бәрінің ақшасын санап көріңіз. Бұл жерде арнайы белгі қойылуы керек. Оны алып тастады», – деді Әли ауылының тұрғыны Марат Көбенов.
Жұртпен кездесуге Әли ауылының әкімі келмеді. Тек орынбасары жетіп, мән-жайды түсіндіріп берді. Ал ауыл азаматтарының айтуынша, бұл мәселе талай жиында айтылған.
«Бұл мәселе ауызша айтылды. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін кезде сәйкес жол белгілері қойылады. Бұл тек ауыл арасы емес, облыстық маңызы бар жол болғандықтан көліктің бәрі жүреді. Ал жол белгілерін тиісті органдармен келісіп, жасау керек», – деді Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов.
«Қазіргі таңда ешқандай шара қолдануға болмайды, өйткені жол белгілері жоқ. Халықтың наразылығын түсіндік, «Қазавтожолға» құжат жолдаймыз. Жол белгілерін қоямыз. Патрульдік полиция шара қолданатын болады», – деді ӘПБ Жжол техникалық инспекция бөлімінің инспекторы Есбол Ниязбаев.
Жауапты орган өкілдері «облыстық маңызы бар тас жолда көліктерді тоқтата алмаймыз» дейді. Бірақ жүк көліктерінің жылдамдығы мен салмағын шектейтін белгі қоюға болады. Ал таразыдан жалтарып жүргендер болса, міндетті түрде анықтайтын болады.
Әлібек Шынтемір, Мұратбек Алмасхан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы