Таразда түрмеден шыққан әйелдер су басқан аймаққа көмек қолын созып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұрын сотты болған 10 әйел тігін фабрикасына орналасып, игілікті іске ат салысқан көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда түрмеден шартты түрде босаған әйелдер су басқан аймаққа көмек қолын созып жатыр. Жаза басқандар жатын орынға арналған төсек жабдықтарын тігіп, апат болған өңірлерге жібермек. Бұрын сотты болған 10 әйел тігін фабрикасына орналасып, игілікті іске атсалысқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Топан судан зардап шеккен аймаққа көмек акциясын облыс прокурорлары бастапты. Сөйтіп жақын аралықта абақтыдан шыққан 10 азаматқа ұсыныс берген. Барлығы сауапты істен қалыс қалмайық деп бірден келісіпті. Фабрикаға келген әйелдер алдымен 2 апталық оқудан өткен. Қазір олар толыққанды жұмысқа кірісті. Азаматтарға түскі ас пен тұрақты жалақы да төленеді. Ал мұнда жасалатын төсек жабдықтары мен арнайы киімдер апат болған аймақтарға жіберіледі.

«Бұл бір жағынан, зардап шеккендерге көмек ретінде болса, екінші жағынан, есепте тұрған азаматтарға жұмыс және қоғамға бейімдеу. Қоғамда өзін пайдалы екенін сезініп, күнделікті нанына ақшасын тауып тұрса, ол екінші рет қылмыс жасайды деп ойламаймын», – деді Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма басшысы Өсер Арынтаев.

Жүйелі жұмыс пен тұрақты айлыққа қуана келіскендердің бірі – Аида Байомарова. Ол 2 ай бұрын шартты түрде түзету мекемесінен шыққан. Бірақ бүгінге дейін соттылығына байланысты жұмыс таба алмапты. Енді тігіншілікті меңгеріп, өмірлік кәсібіне айналдырмақ.  

«Өмірге деген құштарлығымызды ашты. Біз кәдімгідей шетте қалып қалғандай болдық. Жұмыс таба алмай да жүрдік. Қазіргі таңда 4 баланың анасымын. Маған бұл үлкен көмек болды. Еліміздің дамуына үлесімді қосқым келеді», – деді қала тұрғыны  Аида Байомарова.

Пробация қызметінің тізімінде облыс бойынша 1600-ге жуық азамат есепте тұр. Олардың 1300-ден астамы жұмысқа орналасқан. Ал бизнес бастағысы келгендерге қаржылай қолдау да беріледі екен.

«Қайтарымсыз грант ретінде 1 млн 250 мың теңге шамасында, сонымен қатар мемлекет тарапынан өздерінің кәсібін ашатын болса, өзінің жеке тұрғын жайы болса кепілге қойып, 2,5 пайыздық несие алып, қора-жайы болса мал асырауға, соны көбейтіп кәсібін ашуға жеңілдіктер қарастырылған», – деді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің бөлім бастығы Ғалымжан Әбдразақов.

Соңғы 3 жылда түзету мекемесінен шыққан 19 адам қайтарымсыз грант алып өз кәсібін бастаған. Оған қоса, тағы 6 адам төмен пайызбен несие алыпты.

Мадина Оқас, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтауда тыйым салынған жерде шомылған екі адам суға батып кетті

Новости партнеров