«Аптап ыстықта ауыз сусыз қалдық». Осылай деп арнамызға шағым айтқан Алматы облысы Тұздыбастау ауылының тұрғындары 2 айдан бері тіршілік нәрінсіз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тамшы судан тарыққан Тұздыбастаулықтардың айтуынша, әкімдіктің табалдырығын тоздырғалы талай жыл болыпты. Уәдеге тойған халық шелегін арқалап әкімдік ғимаратына баруды әдетке айналдырыпты. Алайда мәселенің шешілер түрі жоқ.
«2 ай болды су жоқ. Мен 6 куб бассейнді 18 мыңға сатып алдым. Бассейнді суға толтырып, ішеміз», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Закир Тұрдымәметов.
«Су жоқ, сыздықтап ағатын еді, ол да болмай тұр. Түнгі сағат 22:00-де су береді, кейде таңға дейін күтіп жүреміз. Қолымызды даладан жинаған сумен жауамыз», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Гүлмира Құрманбаева.
Ал ауыл адамдарының арызын тыңдауға келген «Талғар су» мекемесі мәселенің шешімін тек мемлекетке өткен соң ғана шешуге болады деп сендірді. Яғни жекенің жетегінде кеткен су құбырларын бір арық желісіне қосу керек.
«Тарифтің бағасы осы күнге дейін Тұздыбастау ауылдық округінде 122 тиын болып келген. Жеке компаниялармен келісімшартта көрсетіліп тұрады, біз соған сай жұмыс істейміз», – деді «Талғар су» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК басшысы Қуатбек Смағұлов.
22 мың халқы бар Тұздыбастау ауылында ауыз су мәселесі жауыр болғалы қашан. Ақжағылалар бұл мәселені бір жақты етеміз деп сендірді.
«Аудан тарапынан ақша бөлінді деп отырмыз. 90 миллион шамасында ПЗД жасауға, ішінде канализациясы да, су құбыры да енгіздік. Ауыстыру үшін қаражат қарастырылған», – деді Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов
«Ауыл маңында салынып жатқан 12 шақырымдық магистральды су құбыры аяқталса, ауыл халықының қажетіне жарар еді» дейді Тұздыбастау әкімі. 250 метр шаршы кубты құрайтын қос құдықтың құрылысы алдағы қараша айында аяқталмақ. Ал әзірге жергілікті жұрт 1968 жылы салынған ескі құбырдан су күтуге яки сатып алып ішуге мәжбүр.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы