Таразда жаңадан қолданысқа берілген көпқабатты үйлер тұруға жарамсыз болып шықты. Себебі мемлекеттік бағдарламамен салынған баспаналар инфрақұрылымға қосылмаған. Салдарынан ипотекаға пәтер алған үй иелері 3 айдан бері қоныстана алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тараздағы «Ұлы дала» деп аталатын жаңа ауданнан былтыр пәтерлі болған жұрттың қуанышы су сепкендей басылды. Себебі мемлекеттік бағдарламамен салынған 45 пәтерлі баспанада не жарық пен су, не көгілдір отын жоқ. Оның үстіне жылу құбырлары жарылып, баспананы су басқан. Тұрғындар жаңа көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейтінін айтты. Тіпті желге шыдамай шатыры да ұшыпты. Енді жұрт жауапты тарапты іздеп табан тоздырып жүр.
– Кімге не айтарымызды білмейміз? Кімнен не талап етерімізді білмейміз? Бәрі бір-біріне сілтейді. Әлі көшіп келе алмай жатырмыз, – деді қала тұрғыны Маржан Жұмырова.
Пәтерінің кілтін алып кіре алмай жүргендердің қатарында Ерғали Әбуғали бар. Ол өз баспасы бола тұра, өзгенің үйін жалға алуға мәжбүр. Оның үстіне, азамат ипотека төлемін ай сайын төлеп отыр.
– Қазақстанның қай өңірінде мұндай проблема бар, мен білмеймін енді, өзім таңғалып отырмын. Тегін беріп жатқан жоқ. Он төрт жыл бойы 85 мыңнан төлейміз. Қарызға алып отырған үйге кіре алмай отырмыз, – деді қала тұрғыны Ерғали Әбуғали
Шағынауданда тағы көппәтерлі 2 үйде осындай мәселе бар. Ал жергілікті билік өкілдері тұрғындардың 80 пайызы көшіп келсе ғана газды қосатынын мәлімдеді. Ең қызығы, электр қуаты шағынауданға есептелмеген, тіпті тапшы болып шықты. Ал жаңа жарық трансформаторларын салу үшін қаржы жуырда бөлінген.
– 15-шағынауданда туындаған мәселелерге байланысты арнайы бюджеттік өтінім берілді. 2,8 миллиард теңгеге электр қуатын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Оның 1,4 миллиарды биыл бөлінді, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Қала билігі «мердігер компания тесілген құбыр мен ұшқан шатырды бір аптада қалпына келтіреді» деп уәде берді. Содан кейін ғана тұрғындар өз үйіне кіре алады. Ал жаңа жарық желілері қосылғанша, бұл баспаналар көрші үйлердің трансформаторына қосылуға мәжбүр.
Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Екібастұзда жылу беру орталығындағы қазандықты жөндеуге қаржы бөлінеді